Оралда құтқарушылар мен полицейлер «Телеорталық» аумағындағы саяжай тұрғындарын эвакуациялады. Өйткені Шаған өзені қайтадан көтеріліп, үйлерге су жайылды.
Бұл жақтағы 16 бау-бақша серіктестігінде мыңға жуық адам тұрады. Аумаққа осымен екінші рет су келді. Сәуірдің басында Шаған 13 метрге дейін жетіп, саяжайдағы 500-ге жуық үй су астында қалған еді.
Жанат Жұмағалиева, тұрғын:
2 сәуірде су басып еді. Қазір мүлдем үйдің іші судан толып кеткен. Тізеден келеді дейді. Жолдасым барып келді. Қояндарымыз, тауықтарымыз бәрі суға кетіп қалған.
Эвакуациялауға Астана қаласынан келген құтқарушылар мен жергілікті қалалық Полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Олар квадрацилмен, қайықпен, арнайы жүк көлігімен үй-үйді аралап, қалып қойған адамдарды іздеп тапты. Эвакуациядан бас тартқан жандарды көндіріп, үйінен алып шықты. Иттерді де құтқарды.
Саят Қажымов, Астана қаласының Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары:
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен 11 бірлік техника және жеке құрамда 81 адам осы Оралға 15-і түнде келдік. Оның алдында бір апта Қостанай қаласында болдық. Қазір осы саяжайда адамдарды іздестіріп, эвакуациялау жүргізіп жүрміз.
Ардақ Мұратқызы