Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады
Құтқарушылар соңғы бес жылда 225 мың адамның өмірін тілсіз жаудан аман алып қалды. Бүгін мәртебелі маман иелерін кәсіби мерекесімен құттықтаған Президент осылай деді. Мемлекет басшысы Ақордаға жиналған бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, бірқатарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Соңғы жылдары мемлекеттің азаматтық қорғау саласына ерекше көңіл бөлгені байқалады. Мәселен, екі жыл ішінде еңбекақылары 77 пайызға өскен. Енді оларға арнайы үстемақы төленеді. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер беріле бастады. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы да екі жарым есе көбейген. Соның нәтижесінде 1700-ден астам арнайы техника алынып, 42 өрт сөндіру депосы және құтқару станциясы салынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады.