Петропавлда құбырлар жарылып, тұрғындар жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда құбырлар жарылып, тұрғындар жылусыз қалды

24.01.2024

Петропавлда екі бірдей құбыр жарылып, 28 көпқабатты баспана, 6 жер үй, балабақша мен 7 жекеменшік мекеме жылусыз қалды.

Жақын маңда орналасқан үйлердің жертөлесі суға толды. Ал екінші апат Сәбит Мұқанов көшесінде орналасқан супермаркет маңында тіркелді. Нысанның жертөлесі мен бірінші қабатын су басты. Іштегі адамдар бірден эвакуацияланды. Қалаға жылу тарататын жауапты мекеме мамандарының айтуынша, жарылған құбырлардың 75 пайызы әбден тозған.

Лиана Долганова, кәсіпкер:

Киім-кешек сатамыз. Тауарлардың барлығы бүлінді. Қазір ішке кіруге рұқсат жоқ. Тым болмаса су болған заттарды үйге апарып, кептіру керек. 

Ал Оралда жерасты құбыры жарылып, көшелер суға толды. Көпқабатты 15 үй мен бірнеше жеке баспана сусыз қалды. Апат қаланың қақ ортасындағы Ықсанов пен Кердері көшелерінің қиылысында болды. Диаметрі 400 мм-лік құбыр әбден тозып, тесілген. Қазір апат орнында коммуналдық мекеменің 20 қызметкері 8 арнайы техникамен жұмыс істеп жатыр. Жауапты мекеме кешкі сағат 9-дарда жұмысты аяқтап, суды қосуға уәде берді. Шаһардағы су құбыры желісінің 65 %-ы әбден ескірген.

Әнуар Аркенов "Батыс су арнасы" ЖШС бас директоры:

Құбыр 1975 жылы салынған. Содан бері жөнделмеген. Қазір су сорылды, апатты жою жұмысы жалғасып жатыр. Жарылған жер табылғасын, қалпына келтіріледі. Жазда қаржы бөлініп, осы ауданның су желісі ауыстырылады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу