Құбыр жарылып, тұрғындар жылусыз қалды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құбыр жарылып, тұрғындар жылусыз қалды (толығырақ)

10.02.2014
Құбыр жарылып, тұрғындар жылусыз қалды (толығырақ)
 
Алматыда жылу құбыры  жарылды. Сейфуллин мен Райымбек көшелері қиылысындағы жер астынан атқылаған ыстық су 1,5 шақырым жерді алып кетті. 4 адам зардап шекті. Қатты күйік шалған біреуі қазір хал үстінде. 
 
Бұл - күндізгі сағат 13.00 шамасында Сейфуллин мен Райымбек көшесі қиылысындағы  көрініс. 40 жастағы ер адам жолдың арғы бетінен қызын өткізе алмай әбігерге түсуде. Ел-жұрт болып жүріп әрең дегенде  ыстық судан құтқарды.
 
Ғалымжан Сапарбаев, қала тұрғыны:
Өте алмай, қиындық  болып жатыр. Су ыстық, жарты сағат болды тұрғанымызға ешқандай шара қолданбай жатыр. 
 
Ыстық су буынан көлік жүргізушілеріне қиындық туды. Сабақтан шыққан балалар автобустарын көрмей абдырды. Тұрғындарды шаршатқан апаттың себебі сол баяғы ескі құбырлардың жыры. Шіріген құбыр ақыры жарылып тынды.
 
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 2 ай бұрын   дәл осы тұстан атқылаған ыстық судан 9 адам күйген.
 
Ян Гирин, «Алматы жылу холдингі» МКК баспасөз хатшысы:
Диаметрі 800 миллиметр көлемінде жарылған құбырдың  әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан жаяу жүргіншілердің жолын көп мөлшерде ыстық су басты. Қазір  көпқабатты 63 тұрғын үй, 2 мектеп пен  2 балабақша және 2 аурухана жылусыз қалды. 
 
Мамандар айтқандай қазір мұнда құбырды жамау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалай бүтінделеді солай жылу да беріледі. Оған дейін тұрғындар электр қуатының күшімен күнелтуге мәжбүр. Төтенше оқиғаны қалалық әкімшілік тікелей бақылауға алды. 
 
Айгүл ЕРМАХАН 

Хабарламаларға жазылу