Қапшағай су қоймасының маңында «Балыққа өмір сыйла» атты форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қапшағай су қоймасының маңында «Балыққа өмір сыйла» атты форум өтті

20.11.2023

Қапшағай су қоймасының маңында көлге 50 мың балық шабағы жіберілді. Балық шаруашылығымен айналысатын мамандар, құзырлы орган өкілдері мен Мәжіліс депутаттары қазір саладағы өзекті мәселелердің шешу жолын қарастыруда. Ал Алматы және Жетісу облыстарындағы өзен көлдерде балық санын көбейту, өндірістік көлемге жеткізу мүмкіндіктері қаралуда.

Балқаш-Алакөл бассейінінің су айдындарында балық жылдан-жылға азайып барады. Себебі балықтың өзен көлде өздігінен көбеюіне адами фактордың кері әсері мол. Балықшылар балықты оңды солды тиым салынған жерде және рұқсат етілмеген құралдармен аулайды. Уылдырық шашу маусымында да браконьерлер үдей түседі. Сондықтан шабақты қолдан өсіріп суға жіберуден басқа амал жоқ.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жылына мемлекеттік тапсырыспен 1 млн 800 мың, ал балық шаруашылықтары өздерінің міндеттемелерімен 1 млн 300 мың шабақты су айдындарына жіберіп отырады. Осылайша біздің өзен көлдеріміз 3 млн 100 мың шабақпен жыл сайын молайып отырады.

Шараға отбасылық типтегі балалар үйінің тәрбиеленушілері де арнайы келді. Оларға арнайы көрме ұйымдастырылып, Қапшағайда қайықпен серуендеуге жағдай жасалды.

Аймақта соңғы үш жылда балық шаруашылығымен айналысамын деген 300-ге жуық азамат кәсіби білім алды. Дені бірнеше облыста кәсіп ашып, балық өсіруді қолға алды. Алайда елімізде балық тұтыну көлемі әлі де төмен.

Мәрлен Тұрсынәлі, «Балық мектеп» жобасының авторы:

Әлемдік мемлекеттерді қарайтын болсақ 14 кг балық тұтынып жатыр. Соның ішінде біздің Қазақстанды алып қарайтын болсақ, жан басына шақсақ 1,5-2 кг-ға да жетпейді. Сондықтан бізге де балық тұтынуда көбейтуіміз керек.

Балық тұтынуды көбейту үшін тауарлы балық көлемін арттыру қажет. Екі облысты қосқанда 58 шаруашылық 2300 тонна тауарлы балық өсірген. Ал аймақтардың өндірістік қуаты бірнеше есе жоғары.

Ринат Қумашев, «Балқаш-Алакөл» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

Жыл соңына дейін жоспарда 5 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарда бар. Қазіргі таңда балық өсіруші шаруашылықтарды дамыту үшін Алматы және Жетісу облыстары әкімдігі тарапынан субсидиялау қарастырылған.

Халық қалаулылары Парламентте балық шаруашылығын дамытуға бағытталған бірнеше құжат қарауда жатқанын айтты. Аквакультураны дамыту, жағалауларда балық өңдейтін өндіріс нысандарын салуға рұқсат беру және балықөсірушілердің құқықтық жағынан қорғау мәселелері қамтылған.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу