Батыс Қазақстандағы аудандарда киіктің өлексесі көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстандағы аудандарда киіктің өлексесі көбейді

25.09.2023

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарында киіктің өлексесі көбейіп кеткен. Шаруалар өлген киіктен ауру тарап, малымыз қырылып қала ма деп алаңдайды. Бұл өңірдегі ветеринарлық жағдайға теріс әсер етуі мүмкін, дейді мамандар. 

Шаруалар киіктің өлексесінен аяқ алып жүргісіз деп дабыл қағып жатыр. Қора-қопсының жанына келіп құлап жатқандары да бар. Ақбөкен төрт түлікпен бірге бір жайылымда жайылып жүр. Бір суаттан су ішеді. Бір-біріне ауру жұқтыруы да ықтимал.

Саян Баетов, шаруа:

Осы жерден киік өтеді. Осылай өліп қалатындары бар неше түрлі аурудан. Алдында тағы біреуін көрдім. Өзімен-өзі бір орында тұрып, айналып, құлап, өлейін деп жатты. Соның кесірі бізге тие ме деген қорқыныш бар. Бір-екі бастан шығын бар, белгісіз аурудан. Қолдан келген емді беріп көрдік. Өкінішке қарай, ешқандай оң нәтиже болған жоқ.
Сәуірдегі ресми санақ бойынша, өңірде 1 млн 130 мың киік тіркелген. Бұл төлдеуден бұрынғы дерек. Ал төлдеген соң бөкен басы қазір тек Батыс Қазақстан облысында 2,5 млн болды, дейді жергілікті ғалымдар. Киік даладағы малдан да көп. Шаруалар оның басын шектеп, санын реттеуді сұрайды.

Қайрат Насимуллин, шаруа:

Нағыз жайылыс уақытында осы Бөкей ордасына келіп жайылады. Киіктен зардап шегіп жатырмыз деп екінің бірі айтады. Айналамыздағы қыстақтың кейбір жерлерінде 7-8-ден өліп жатқан киіктің басы. Оны сараптап, ізденіп жатқан ешкім жоқ.
Ал мамандар бөкендердің өлуін қалыпты жағдай деп отыр. Түз жануарының да ыстықта шөлдеп, әлсіреуі, көтерем болуы, қартайып өлуі - табиғи құбылыс.

Нұрлан Рақымжанов, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы:

Киік саны көбейген сайын, оның өлексесі де көбейеді. Бұл табиғат заңы. Биыл жыл басынан 1371 бас киік өлексесі тіркелді. Ешқандай ауру белгілері жоқ деген жауап келді. Тағы бір мәселе - мал молаларының толып қалуы. Бұл да үлкен кедергі.
Облыста киіктің егісті таптап, шабындықты отап тастауынан 1350 шаруа зардап шегіп отыр. 1 млн гектар жерге залал келтірілген. Шығын құны 7,9 млрд теңгеге жетті. Алайда, Үкімет шаруаларға өтемақы төлеуге асығар емес.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу