«Qazaqstan дауысы» мегажобасында қазылық ететін тәлімгерлердің есімі белгілі болды. Үздік дауыс иелерін таңдайтын төрттіктің құрамында біршама өзгеріс бар. Қазір жобаның түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр.
3,5 мың өтінімнен іріктеліп, «Көрмей таңдау» кезеңіне өткен 100-ден астам қатысушы «Qazaqstan дауысы» атағына таласады. Олардың саны кезең сайын азайып отырады. Финалға әр топтан тек бір өнерпаз жолдама алады. Ал үміткерлердің ішінен мықтысынан таңдап алу тәлімгерлердің еншісінде. Екінші маусымдағы жаңа тәлімгердің бірі - композитор Төлеген Мұхамеджанов.
Төлеген Мұхамеджанов, «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Әрбір тәлімгердің бойындағы мақсаты да жоспары да зор. Өйткені әрине, өзімен бірге саған сеніп келген жас әншілерді қолдан келгенше қолдап, көмектесіп солардың арғы жағында жатқан сырларын ашып, арғы жағында ұйықтап жатқан керемет талантының ашылуына көмектесу мен үшін үлкен қошемет.
Ең жас тәлімгер - әнші Қуандық Рахым. Жауапкершілікті қатты сезінемін деген ол тәлімгер болу туралы ұсынысты ұзақ ойланған. Әртүрлі бағытта ән айтатын өнерпаздарды жинап, тәжірибе жасағысы келетінін жеткізді.
Қуандық Рахым, «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Мен барынша халыққа ұнайтын өнерпазды таңдағым келеді. Өйткені ертең бағдарламаның соңына қарай бәрібір де ол жеңімпазды анықтау халықтың еншісінде болады. Сондықтан да маған барынша халыққа жақын үн, ауыл, аудан тұрғындарын ұнайтын жақын үн керек.
«Qazaqstan дауысы.Балалар» жобасының бірінші маусымында тәлімгер болған әнші, композитор Жанар Дұғалова да қазылардың қатарында. Жеңіс үшін оралдым» деген Жанар жуырда көрерменмен жақсы жаңалығымен бөліспек.
Жанар Дұғалова, «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Мен жеңіске жеткенде өте қатты жақсы көремін. Ерсұлтанды жеңіске дейін жетеледім. Әрине, командама келген барлық қатысушыларды жеңіске бағыттаймын жетелеймін және соған жетуге тырысамын. Менің ойымша, ересектермен жұмыс істеу балаларға қарағанда оңайырақ. Себебі көбісі дайын әншілер.
«Qazaqstan дауысының» тұрақты тәлімгері, әнші, композитор Маржан Арапбаева да жеңісті қолдан бермеймін дейді. Бұған дейінгі маусымдарда жинаған тәжірибеме сенемін деген ол, қатысушыларды таңдауда барынша мұқият боламын деп отыр.
Маржан Арапбаева - «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Қалай жұмыс істеу керек, қандай таланттарды таңдау керек? Қай бағытта оларға жол көрсету керек дегендей, сол жағынан көбірек көңіл бөлсем екен деп ойлаймын. Және де осы жылы менің тобым міндетті түрде жеңуі керек.
Мегажобаның бұл маусым тартысқа толы болғалы тұр. Тоғызыншы қыркүйектен бастап эфирге шығатын «Qazaqstan дауысы» мегажобасын өткізіп алмаңыздар.
Асылбек Данияр