Үндістанды алапат тасқын болды. Қаза тапқандар бар. Бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан өзендер арнасынан тасыған. Өткен айдан бері жаңбырлы маусымды бастан өткеріп жатыр. Содан бері табиғи апаттан 145 адам қаза тапқан. Экономикаға жүздеген миллион доллар шығын келді. Үндістан астанасы Нью-Дели көшелері өзенге айналды. Қаланың жағалауға жақын аудандары мен жолдарды су басқан. Билік 24 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Тасқыннан зардап шеккен аудандарда мектептер, колледжер мен жоғары оқу орындары уақытша жабылған. Тұрғындар кеңсеге бармай, үйде жұмыс істеуге мәжбүр.
Арвинд Кеджирвал, Делидің басты министрі:
Делиде судың ағысын реттейтін құрал істен шықты. Кешеден бері өзен суы қаланың ішіне ағып жатыр. Үлкен дағдарысқа әкелді. Жағдайды 3-4 сағатта бақылауға алуға тырысамыз. Сол үшін арнайы топ құрдық.
Елде өткен айдан бері жаңбырлы маусым жалғасып жатыр. Тасқын Нью-Делиден бөлек елдің солтүстігіндегі Химачал-Прадеш, Уттаркханд, Пенджаб тәрізді бірқатар штаттарды жайлады. Лай көшкіні де болды. Маусымның бірінен бері табиғи апаттан қаза тапқандар саны 145-ке жеткен. Үздіксіз нөсер жауыннан Ямуна өзені арнасынан тасып, ондағы су деңгейі 208 метрден асты. Мұндай көрсеткіш соңғы 45 жылда бірде-бір рет тіркелген жоқ дейді тұрғындар.
Дели тұрғыны:
Мен бұл жерде тұрып жатқаныма 50 жылдан асты. Осыншама көп суды алғаш рет көруім. 1978 жылы болған тасқын менің есімде қалыпты. Соны алапат дейтін. Алайда ол кезде жағдай дәл қазіргідей қиын болған жоқ.
Үздіксіз нөсер мен лай көшкінінен Үндістанда 600-ден аса ғимарат толықтай жермен-жексен болған. Жүздеген миллион доллар шығын келді. Ауа-райы болжамына сай, алдағы күндері де жаңбыр жаууы ықтимал. Оның үстіне су тазарту қондырғылары істен шыққан. Сол себепті елдің кей өңірлерінде ауыз су тапшылығы туындауы мүмкін.
Арай Төлегенқызы