Астанада әйелдердің мемлекеттік қызметтегі рөлі жөнінде пікір алмасу болды. Аталған салада жұмыс істейтіндердің басым бөлігі, яғни 55 пайызы әйелдер екен.
Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басшылыққа қызметте болған әйелдердің саны небәрі 10% болса, қазір орталық және жергілікті деңгейде басшы болып отырған әйелдердің саны 40 процент құрап отыр. Олардың ішінде 3 министр, 28 Парламент және 138 мәслихат депутаттары, 5 облыс және 74 аудан әкімдерінің орынбасарлары, 5 аудан әкімі, 4 елші және 1 генерал бар.
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі нәзік жандылардың басын қосып, пікір алмасты. «Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі әйелдердің рөлі» атты жиынға ауылда қызметте жүргендер де арнайы шақыртылған. Басқосуға қатысушылар қызметтегі әйелдердің құқығын, рөлін арттыру жөнінде түрлі ұсыныстарын жеткізді.
Бибігүл Нұрашева, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы:
Әйел адамдар бала тууға байланысты демалысқа шығады. Баласы туылғаннан кейін жаңағы балалары ауырып жатады және басқа да сол сияқты мәселелерді ескере отырып, жұмыс берушілер әйелді қабылдаудан бас тартып жатады. Ол — факт. Осы еңбек құқығы саласындағы заңгер бола отырып, осы еңбек заңнамамызға біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деп есептеймін.
Нұржамал Тұрсынбаева, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақжар ауылдық округінің әкімі:
Мен — Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақжар ауылдық округінің әкімімін. Біз бүгін Астана төрінде Мемлекеттік қызметтегі әйелдің рөлі тақырыбындағы семинарға келіп отырмыз. Мақсат осы жиынға келіп пікір алмасу болды.
Самал Қабышева