Астана халықаралық форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана халықаралық форумы басталды

08.06.2023

Елордаға алпауыт компаниялардың басшылары мен әлемнің сақа саясаткерлері жиылды. Бүгін бас қалада Астана халықаралық форумы басталды. Ауқымды жиынның тақырыбы «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» деп аталады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Жиын барысында Қазақстан үшін ғана емес, әлем елдері үшін өзекті, күн тәртібінде тұрған мәселелер талқыланбақ. Яғни саясаткерлер мен білікті сарапшылар бір алаңда жаһандық сын-қатерлердің алдын-алу туралы сөз қозғап, нақты ұсыныстар айтады деп жоспарланып отыр. Бір сағаттан соң, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйлейді.

Форумның мәртебелі қонақтарының қатарында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева және басқа да спикерлер сөз сөйлейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтеді.

Форум барысында қатысушылар 4 негізгі бағыт бойынша мәселелерді шешудің жаңа жолдарын қарастырады. Олар: Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік; Халықаралық даму және тұрақтылық, Энергетика және климаттың өзгеруі, Экономика және қаржы. Форум аясында осы бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізіледі. Форум жұмысы екі күнге жалғасады.



Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу