Шымкенттік қария ағын су бармайтын шөлді қыратты жасыл баққа айналдырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік қария ағын су бармайтын шөлді қыратты жасыл баққа айналдырған

11.05.2023

Шымкенттік Жайлаубай Қалмырзаев ағын су бармайтын, топырағы құнарсыз сары даланы он жылдың ішінде жасыл баққа айналдырды. Бүгінде ауыл шетіндегі жасыл қыратта жеміс пен жидектің оннан астам түрі жайқалып, мәуелі жеміс беріп келеді.

Жайлаубай Қалмырзаевтың жасы 70-тің ортасынан асса да әлі күнге бағбандықтан бел жазбай келеді. Атажұртқа қоныс аударып келгенде осы маң не егіске, не тұрғын үй салуға жарамсыз төбешік болатын. Еңбекқор отбасы жабылып жерді игеруге кірісті. Құнарсыз топыраққа тыңайтқыш төкті. Тұқымнан көшет өндірді. Ағаштарға сатып алып су құйды.

Жайлаубай Қалмырзаев, бағбан:

Түрлі-түрлі жеміс ағаштарын көбейтіп жатырмын. Мынау істеп жатқаным – шабдалы. Жаңғақ,  тау пістесі «фисташкиді» көбейтіп жатырмын. Тұт егіп жатырмын. Алма, алша, бадам – бәрінің көшетін шығарамын.

Бақтағы ең жас жеміс ағашы - пісте. Көпішілік фисташки деп атап кеткен дән. Бағбан оның тұқымын орман қорығындағы аумақтан әдейі әкеліп, баққа жерсінідіруде. Беткейге нәр мына темір ыдыс арқылы барады. Осында жинақталған су түтікшелерді бойлап, әр ағаштың түбіне тамшылатып су жеткізеді. Осындай үнемшілдік пен тиімді тәсілдің арқасында аумағы 20 жүздік болатын алқап бүгінде жайқалып, жеміс беріп тұр.

Жайлаубай қарияның мамандығы – агроном. Күнде таңертеңнен кешке дейін тынымсыз қимылдап, ағаштар мен бақшаға, жидектерге күтім жасайды.

Жайлаубай Қалмырзаев, бағбан:

Мамандығым осы болған соң қызығамын. Әрі денсаулығыма да пайдалы. Осы еңбектің арқасында жейтін нанымды, киімімді шығарамын.

Бағбан біраз жылдан бері әкімдіктен жер сұрап жүр. Игерусіз қалған аймақ болса оны да жайқалтып, көгертуге қажырым мен қайратым жетеді дейді. Бірақ қанша арызданғанымен қалауын ала алмай-ақ қойды.

Жасыл желекті бау-бақша бағбанның меншігіндегі жер емес. Соған қарамастан оны баққа айналдырғаным, кейінгі ұрпақ саялайтын жер болғанын қаладым дейді ол. Жайлаубай Қалмырзаев кезінде Өзбекстанда да 2 гектар жерді жүзім алқабына айналдырып, көптің алғысын алғаны бар.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу