Жасы 70-тің бел ортасына келсе де әлі күнге бағбандықтан бел жазбаған шымкенттік Жайлаубай Қалмырзаев ағын су бармайтын, топырағы құнарсыз сары даланы жасыл баққа айналдырды. Бүгінде ауыл шетіндегі жасыл қыратта жеміс пен жидектің оннан астам түрі жайқалып, мәуелі жеміс салып тұр. Өзбекстаннан қоныс аударған отбасы осы еңбегі арқылы атажұртымыздың көркеюіне үлес қосқысы келеді.
Бақтағы ең жас жеміс ағашы - пісте. Көпшілік фисташки деп атап кеткен дән. Бағбан оның тұқымын орман қорығындағы аумақтан әдейі әкеліп, баққа жерсіндіруде. Былтыр қыс бойы құмға көміп, дәнінен өскін шығарды. Көктемде алқапқа отырғызылған көшет қазір тізеге жетіп қалған.
Жайлаубай Қалмырзаев, бағбан:Бұған қызыққан себебім, базарға барсақ, ең қымбаты осы пісте, бадам, өрік, мейіз. Сол әсер етті. Неге өзімізден шықпайды деген ой келді. Өзімізде шығарсақ арзан әрі халыққа қаншалықты тиімді болар еді.
Аумағы үш жарым жүздік болатын осы маң кезінде не егіске, не тұрғын үй салуға жарамсыз төбешік болатын. 2011 жылы Өзбекстаннан көшіп келіп, осында жайғасқаннан соң, әкімдіктің рұқсатымен осы жерді бір үйлі жан жабылып игеруге кірісті. Құнарсыз жерге тыңайтқыш төкті. Тұқымнан көшет өндірді. Ағаштарға сатып алып су құйды.
Мереке Сапарова, жұбайы:Онша-мұнша пенсиямыз тисе суға береміз. Водовоздар қуанып, ақшасына әкеп береді. Сөйтіп өсіп-өініп отырмыз. Балаларымыз жәрдем берді. Баламыз міне, бәрін капельный ғып берді қазір су келгеннен соң.
Алма, алмұрт, өрік, бадам, жүзім, шабдалы. Бүгінде бұл ағаштардың жемісі көршілер мен ауылдастарға да ортақ.
Ғани Қалмаханов, тілші:Бақтағы ағаштардың дені итмұрын.Өйткені оның жемісіне сұраныс аса жоғары. Емдік қасиеті болғандықтан іргедегі фармацевтика зауыты,халық емшілері,тіпті тұрғындарға дейін көптеп сатып алып жатады.
Жайлаубай қарияның мамандығы агроном. Өзбекстанда да 2 гектар жерді жүзім алқабына айналдырып, көптің алғысын алғаны бар. Әлі күнге таңертеңнен кешке дейін тыным таппастан ағаштарға күтім жасайды.
Жайлаубай Қалмырзаев, бағбан:Азанда кешке дейін 4-5 сағат жұмсаймын. Суғарамын, түбін шабамын. Кесемін. Ләззат осы. Көгеріп, жайқалып тұрғанының өзі ләззат сол.
Еңбектен рахат табу–жанның қалауы. Меншігімдегі жер болмаса да сол аумақты көгертіп, баққа айналдарғаным, кейінгі ұрпақ саялайтын жер болғанын қаладым. Егер әкімдік тағы да игерусіз қалған жерді беріп жатса, оны да жайқалтып, көгертуге қажыр-қайратым жетеді дейді бағбан.
Ғани Қалмаханов