Түркістан аумағында жасыл белдеу қалыптастыру оңайға соқпай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан аумағында жасыл белдеу қалыптастыру оңайға соқпай тұр

01.07.2022

Түркістан аумағында жасыл белдеу қалыптастыру оңайға соқпай тұр. Жоба қолға алынған төрт жыл ішінде 13 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылған. Алайда, көшеттердің 30 пайызы көктей солған. Мамандар жасыл желектің жайқалып өспеуін ауа-райының құрғақ болуымен және ағын судың тапшылығынан деп түсіндіреді.

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері 13 600 гектар жерге түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл желекпен көмкерілді. Төрт жылда қаланы айналдыра 21 млн-дай түп көшет егілген. Қаланы көгалдандыруға былтыр 2,8 млрд, ал биыл 2,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Қыруар қаржы бөлінгенімен, шаһардың шырайын ашып, тынысын кеңейтеді деген тал шыбықтарға лайықты күтім жасау оңайға соқпады. Экологиялық аймақ саналатын өңірде ағын су мәселесі өте өзекті.

Қайрат Әбдуәлиев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Қазіргі кезде біз суарылмайтын ағаштар сексеуіл,торуыл, жыңғыл сияқты ағаштарды еккізіп жатырмыз байқадыңыздар. Ал, су келеді-ау деген жерлерге жапырақты ағаштарды еккізіп жатырмыз. Өйткені барлық жерге жапырақты ағаш еккізу мүмкін емес. Себебі, күтімі де қымбаттап кетеді.

Жаңадан егілген көшеттерге күтім жасайтын, суаратын маман тапшы. Қазір бес жүзден астам адам жұмысқа тартылса, тағы үш жүз қызметкер керек. Себебі олар 13 мың гектардан артық аумақтың бәрін қамтып үлгермейді. Оның үстіне жалақы да мардымсыз, небәрі 50-55 мың теңге.

Сағит Керімқұлов, «Жасыл аймақ» КММ бригадирі:

Адам саны жетіспейді мысалы айтқанда, өйткені айлығы өте аз болғаннан кейін шыққысы келмейді жұмысқа.Одан кейін адамға күннін астында жүру деген қиын болып тұр. 40 градус ыстық болып жатыр. Келеді, бір апта істейді, бір аптадан кейін қайтып кетеді адамдар. Айлығы аз деп істей алмай жатыр адамдар шыдамайды.

Өңірде шілде айында ауа температурасы 47-50 градусқа дейін көтеріледі. Ағаш түгілі адам шыдамайтын аптап ыстықта жасыл желекті сақтап қалу үшін мамандар отандық және көрші мемлекет ғалымдарының кеңесіне жүгінуге мәжбүр. «Жасыл белдеу» аймағын аралап шыққан ғалымдар болса, көшеттердің мұндағы климаттық жағдайда бейімделіп, жайқалып кетуі екіталай деп қорытынды жасаған.

Якубжон Юлдашев, Ташкент мемлекеттік аграрлы университетінің профессоры:

Климаттық жағдайы қатал әрі ыстық өңірде ағаш өсіру оңай шаруа емес. Өйткені бұл көшеттер 5-10 жылда орманға айналып кетеді деп айту қиын. Дегенмен көшеттердің басым көпшілігі жерсінген. Мұның өзі үлкен жетістік деп айтуға болады. Әсіресе қарағаш пен сексеуілдер жақсы өсіп шыққан.

Төрт жыл бұрын басталған жоба енді ғана нәтиже бере бастады. Қазір, егілген жасыл желектің тек 70 пайызы жетіліп кетті.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу