Елдегі такси жүргізушілері салық төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі такси жүргізушілері салық төлейді

26.04.2023

Такси жүргізушілері мен курьерлерге қатысты да өзгеріс болады. Енді олар Шілде айынан бастап салық төлей бастайды. Бағдарлама әуелде пилоттық режимде жұмыс істейді. Яғни, салықты ерікті түрде төлейді. Ол үшін әр жүргізуші онлайн платформаға құжаттарын жүктеп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Қазір такси жүргізушілері мен курьерлер табысының шамамен 18 пайызын онлайн платформаға, тағы 6 пайызын таксопаркке жырып беріп отыр. Оған қоса жанармай және көлігін жөндеуге кететін шығын бар. Сондықтан жаңа төлем такси бағасына тікелей әсер етеді дейді олар. Алматылық Евгений Авдеев 4 жылдан бері Курьер болып жұмыс істейді. Өзі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, халықаралық компанияда жұмыс істейді. Салық төлеп отыр. Ол керісінше жаңа бастама енгізілсе тәртіп болар еді дейді ол.

Евгений Авдеев, курьер:

Мен жаңа ережеге қарсы емеспін. Өзім заңды жұмыс істеп отырмын. Жеңілдетілген тарифпен төлейтін болсақ маған керісінше тиімді болар еді.

Жеке кәсіпкер ай сайын төлем деп жүгірмейді. Барлығы жұмыс берушілердің мойнында болады. Одан бөлек жоспар бойынша табыстың 6 пайызын алып отырған таксопарктердің жұмысы тоқтатылады. Жүргізушілер халықаралық платформалармен тікелей жұмыс істейді.

Жәдігер Тащегулов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы:

2025 жылдан бастап төлемді оператор, яғни жұмыс берушілер жүргізеді. Қазір біз олармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жүргізушілерден алатын комиссияны өсірмеу керек.

Биылғы енгізілетіні әзірге пилоттық жоба. Сондықтан ешкімді жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүрлемейді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Ал тіркелгендері табысының 22 пайызын салыққа және өзге де міндетті төлемдерге бағыттайды. Яғни, салықтан бөлек, медициналдық сақтандыру, өмірді сақтандыру, зейнетақы қорына аударымдар тұрақты жүріп тұрады. Ал, 2025 жылы жаңа салық нормасы күшіне енген сәттен 22 емес табыстың 4 пайызы ғана міндетті төлемдерге бағытталмақ.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу