Басты Жаңалықтар Шымкенттегі қайғылы оқиғадан соң қаладағы автобус жүргізушілері кезектен тыс аттестациялаудан өткізілетін болды

Шымкенттегі қайғылы оқиғадан соң қаладағы автобус жүргізушілері кезектен тыс аттестациялаудан өткізілетін болды

Шымкент қаласының полиция департаменті 5 адамның өліміне себепші болған жолаушылар тасымалдау компаниясын лицензиясынан айыру туралы әкімдікке ұсыныс жасады. Сондай-ақ қайғылы оқиғадан соң мегаполистегі автобус жүргізушілері кезектен тыс аттестациялаудан өткізілетін болды.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Қанды оқиға орталық көшенің тура мына жаяу жүргіншілер жолғаның тұсында болған. Жолдың қарсы бетінен қиялап келген автобус бағдаршам түбіндегі адамдарды таптап өткен. Сол күйі ылдиға қарай жылдамдығын арттырған көлік онан кейін мына темір қоршау пен бетонды бұзып өтіп, тұрғын үйдің артына кеп әрең тоқтаған.

Апат салдарынан 4 адам сол жерде тіл тартпай кетті. Жарақат алған бесінші азамат ауруханада көз жұмды. Олардың барлығы сол маңдағы ірі сауда орынындағы жұмыстарынан үйіне қайтып келе жатқан. Жолаушылар тасымалдау компаниясы басшылығының айтуынша автобуста ешқандай техникалық ақау болмаған. Сол күні толық тексеруден өткізілген.

Азат Қайыпбеков, Жолаушылар тасымалдау компаниясының директоры:

Біз автобустың ішіндегі видеобейнелерді көрдік. Автобус 100 пайыз технический исправный болған. Ручной тормозға қойылмаған. Кейін жүргізуші жүгіріп келіп, ручникті келіп тартқан.

Автобусына ие болмаған 49 жастағы жүргізуші қазір абақтыда отыр. Былтыр қыркүйекте ғана жұмысқа қабылданған. Егер ол кінәлі деп танылса 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Оқиғаның мән жайын анықтау үшін полиция қазір техникалық және медиициналық сараптаулар жүргізуде.

Нұрдәулет Сүйеубеков, қалалық полиция департаменті анықтау басқармасының басшысы:

Шымкент қалалық әкімшілігіне «Шымкентбус» фирмасының жолаушылар тасымалдау лицензиясын айыру туралы ұсыныс жолданды. Оны қараудың бір ай мерзімі бар.

Апаттан ауыр жарақат алған алтыншы азамат қазір ауруханада. 18 жастағы бойжеткеннің миы шайқалып, аяқ-қолы жарақаттанған.

Елдар Смағұлов, қалалық №1 клиникалық ауруханасы жарақаттар бөлімінің меңгерушісі:

Қазір науқас нейрохирургия бөлімінде жатыр. Керекті емін қабылдауда. Науқастың жағдай орта деңгейде.

Жол апатынан қаза тапқан отбасылардың жақындарына автопарк басшылығы жаназа шығындарын өтеуге көмектесетін болды. Қайғылы жағдайдан соң қала ішілік бағыттардағы автобустарға желілік бақылау күшейтілмек. Сондай-ақ автобус жүргізішілері түгелдей кезектен тыс сынақ тапсыратын болды.

Ғани Қалмаханов

Бөлісу