Қазақстанда соңғы 20 жылда қатерлі ісік анықталған адамдар саны 25 пайызға өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда соңғы 20 жылда қатерлі ісік анықталған адамдар саны 25 пайызға өскен

05.03.2023

Әлеуметтік жағдайдың тұтас халық саулығына әсер ететіні анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәйегін келтірейік: қатерлі ісіктен келетін өлімнің 70 пайызы халқының әлеуметтік жағдайы орташа және төмен елдерде тіркеледі екен. Әрбір 8-ер және 11-әйел адам осы аурудан көз жұмады. Әлемдегі әрбір бесінші адам қатерлі індетке шалдығады екен.

4 ақпан - дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні. Қазақстанда онкологиялық аурулар өршіп барады. Соңғы 20 жылда қауіпті ісік анықталған адамдар саны 25 пайызға өскен.

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, Қазақстанда жылына 13 мың адам осы індеттен көз жұмады екен. Өлім жітім бойынша қан ауруларынан кейінгі екінші орында. Республика бойынша қатерлі ісік анықталған 205 мың адам тіркеуде тұр. Ал жыл сайын 37 мың адамнан обыр анықталады.

Осы аптада үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният онкологиямен күрестегі проблемаларға тоқталды. Өңірлер індетпен күреске қауқарсыз. Өйткені талапқа сай ғимараттар да, құрылғы да жоқ. Оңғар Алпысбайұлы толықтырсын.

Қалиякөл Янгалышевадан қатерлі ісік 2017 жылы анықталған. Ағзамнан аурудың анықталғаны тәніме емес жаныма ауыр тиді дейді ол. Бірден қабылдай алмай терең күйзеліске түскен. Уақыт өте көндігіп, ем қабылдай бастаған. Ауру асқынып үлгермегендіктен күресу де жеңіл болған.

Қалиякөл Янгалышева, емделуші:

Менде осымен алтыншы операция болып жатыр. Әр кезде рецедив жүреді. Ем қабылдаған сайын мен түсіндім бұл аурумен де өмір сүруге болады екен. Ешқандай қорқынышты ештеңе жоқ.

Алдымен обырдың пайда болу жолдарына тоқталайық. Заманауи медицина қатерлі ісікті генетикалық індетке жатқызады. Ең негізгі себептері салауатты өмір салтын сақтамауды, өзге аурулардан дұрыс емделмеу.

Гүлшара Әбілдинова, генетик-дәрігер:

Барлық онкологиялық аурулар стоматикалық жасушаларда пайда болады. Көбіне қатерлі ісік зиянды сәулелерден, созылмалы инфекцилардан, стресстердің салдарынан пайда болып жатады. Қарапайым айтсақ обыр өзі бөлек дене болып, ағзаға енбейді. Ол ағзада бар жасушалардың жұмысы бұзылып, өзгеріске ұшырауынан болады.

Генетикалық санатқа жатқызылғанымен ата-анадан балаға берілмейді. Алайда, екі жұптың гендері сәйкес келмесе ауру бала туу тәуекелі артады.

Гүлшара Әбілдинова, генетик-дәрігер:

Әлемнің кей елдері жаппай скрининг жасауды бастады. Мәселен, Германияда жаңа туған сәбидің барлығы, Изрильде 15 жастағы қыздар, ал Өзбекстанда үйленуге өтініш берген кез келген жұп скринингтен өтеді. Себебі Өзбек елінде қаны бір адамдар отбасын құратын жағдай жиі кездеседі.

Қазір әлемде психосоматика деген ғылым өте жылдам дамып жатыр. Бұл саланың мамандары обыр болсын өзге болсын кез келген ауру адамның ойынан басталады дейді.

Рамазан Рахматулла, психосоматолог:

Кез келген аурудың 70 проценті психологиядан. Ол медицинада да дәлілденген. Психологияда да дәлелденген. 30 проценті сыртқы факторлардан. Мидың артқы бөлігі бар мишық дейді. Мишық бүкіл денеміздегі гормондарды басқарады. Бүкіл денеміздегі жасушаға дейін басқарады. Адамның белгілі бір ренішті, ашуды, біреумен сақтап қалған көзқарасты сақтап қалу, ойында сақтауының себебінен мишықта дұрыс емес гормондар бөлініе бастайды.

Дәрігерлер де бұл теорияны толық жоққа шығармайды. Қатерлі ісіктің дендеуін тоқтатқан соң қайталанбауы үшін психологпен жұмыс істеуге кеңес береді.

Мұхтар Төлеутаев, Астана қаласының Бас онкологы:

Дәрігер тек қана дәрімен, немесе хирургиялық отамен немесе жаңағы сәулемен емдеп қана қоймайды. Дәрігер сөзбен, қолдап сырқатқа жаңағыдай емдеуге болады емдейміз де оны.

Рамазан Рахматулла, психосоматолог:

Дәрігерлер бар. Олар халыққа айтады бұл ауруды шығарған ішкі бір стресстен болуы мүмін, сол жағынан жұмыс жасаңыз. Кеңес беретінін естіп жатырмыз біз клиенттерден. Ол өте жақсы. Ол шетелде кезінде 100 жыл бұрын басталып кеткен бұл тәжірибе.

Бірінші және екінші сатыдағы обыр емге көнеді. Ал, асқынған жағдайда онымен күресте қиындай түседі. Сондықтан ауруды ерте анықтау өте маңызды.

Мұхтар Төлеутаев, Астана қаласының Бас онкологы:

Елімізде жалпы 30 процент адамдар бірінші сатысында диагноз қойылады. 60 проценттен кішкене жоғары 1-2 сатысын егер қосып айтқанда сонша көрсеткіште бар. Қалған адамдар 3-4 сатысында келеді. Уақыты өтіп кеткеннен кейін.

Ресми дерек бойынша ерлерге қарағанда әйелдер көп ауырады. Себебі, сүт безі обыры тым жиілеп, жасарып барады. Сондықтан елімізде 40 пен 70 жас аралығындағы әйел адамдар 2 жылда бір рет скринингтен өтеді. Тегін тексеріс үш бағытта жүреді: жатыр мойны, сүт бездері және тік ішек пен тоқ ішек зерттеледі.

Жарылғасын Есмағамбетов, онколог-дәрігер:

Бұрынғыға қарағанда үшінші сатысы, төптінші сатысы көп болатын болса қазір 80 процентке дейін бірінші екінші сатысында табылады. Скринингтің арқасында оның өзі.

Ауруды ерте анықтағанмен Қазақстанда емдеу оңай болмай тұр. Әсіресе өңірлерде жағдай өте қиын.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қолданыстағы сәулелік терапия аппараттарының паркі 50 пайызға ескірген. Ақмола, Ұлытау, Қызылорда, Жетісу облыстарында осындай аппараттар тіпті жоқ. Өңірлерде диагностикалық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету төмен. Ақмола, Қостанай және қызылорда облыстарнының және Астана қаласының онкология орталықтарында КТ, МРТ сияқты аппараттар жоқ.

Аты жаман аурудан аман қалғың келсе Астанада тұру керек тәрізді. Мұны түсінген азаматтар да орталықта ем қабылдағанда жөн санайды.

Мұхтар Төлеутаев, Астана қаласының Бас онкологы:

25 проценттен 42 процентке дейін өңірлерден келіп емделетін адамдар. Бүгінгі күнде де 20-25 процент өңірлерден келіп емделеді. Көп адамдар осы астанаға келіп тіркеуге отырып осы жерде, емханаға тіркеуге отырады, балаларының туыстарының үйіне тріркеуге прописка дейді ғой осы жерде бізден ем алуға ниеттеніп, сол емін алады.

Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарына тең жағдай жасау үшін 2023-25 жылдарға арналған кешенді жоспар құрды. Алайда оны жүзеге асыру үшін қыруар қаржы қажет.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Кешенді жоспарды іске асыру үшін медициналық жабдықтарды, дәрілік препараттарды сатып алуға, мамандарды оқытуға, заманауи онкологиялық орталықтарды салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге шамамен 400 млрд теңге қажет болады.

Онкологиямен күрестегі проблемаларға қарамастан аурулар саны 25 пайызға артқанмен көз жұматындардың саны 33 пайызға азайған. Күн сайын дамып жатқан медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік ашты. Мысалы, кейіпкеріміз Қалиякөл Янгалышеваның жағдайындағыдай обыр бастапқы кезеңде анықталса науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Сондықтан обыр – үкім емес. Жай ғана диагноз!

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу