Бүгін жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несие беру бағдарламасы басталды. Қазірдің өзінде аграрлық несие корпорациясы Қазақстанның бірқатар өңірінде өтініш қабылдап жатыр. Бұл мүмкіндікті биыл 6 мыңға жуық жас пайдалана алады.
Дидар ата кәсіппен айналысып жүрген жастардың бірі. Жасы 29-да. Кәсібін әрі қарай дамытқысы келеді. Сондықтан, бұл мүмкіндікті мүлт жібермек емес.
Дидар Асқарбеков, кәсіпкер:
Ақмола облысы, Ерментау ауданында мал шаруашлығымен айналысамын. 35 жасқа дейінгі несие 5 жылға берілейін деп жатыр. Бұл өте тиімді 2,5 пайызбен. Жастарға жұмыс істеуге қолайлы.
Өтініш берген сәтте олардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады. Мал шаруашылығы жобалары үшін өтеу мерзімі – 7 жыл, бизнестің басқа бағыттары үшін - 5 жылға дейін несиені төлеу мерзімі қарастырылған. Жастар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
Сапарғали Қосымов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ менеджері:
Жалпы, қазіргі кезде 12 құжат тізімі оның ішінде сауалнама келісім беру олар филиал тарапынан толтырылады. Негізгі құжат бизнес жоспар, кепіл мүлкінің құжаты сосын екінші деңгейлі банктерден анықтама қажет болады.
Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Ондай мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні тартуға болады.
Шағын несие қандай жағдайда берілмейді? Тұрғын үйге жататын жылжымайтын мүлікті салу немесе сатып алуға, бағалы қағаздарды сатып алуға, қаруды, құрамында есірткі бар заттарды өндіру немесе сатып алуға, ойын бизнесіне, Заңнамада тыйым салынған террористік бағыттағы қызметке, акцизделетін тауарларды шығаруға, темекі және алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға, кредиторлық берешекті өтеуге, бизнесті жүргізуге қатысты емес жеке тұтынушылық мақсаттарға берілмейді. Бұдан басқа кез келген мақсатқа беріледі.
Шымкент, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында несиелеу сәуір айында басталады. ал, қалған аймақтарда бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар.
Азамат Бейбітұлы