Қайырымды ісінің арқасында алғыс арқалаған жандар. Шымкенттік Асхат Мәуленов бастаған еріктілер тобы әр жұма сайын таң атпай көше тазалауға шығатын коммуналдық сала жұмысшыларына тегін тамақ ұсынады. Онан бөлек бес жылдан бері мұқтаж жандарға әлеуметтік, медициналық көмек көрсетіп келеді. Көпбалалы аналардың жұмыс істеп, табыс табуына да жағдай жасайды.
Қысы жазы таң қылаң бергеннен қала тазалығына кірісетін жандар еріктілер келгенде жадырап қалады. Олардың ұсынған ыстық шәйі өз алдына, алғысы мен жылы сөздері жанға шуақ сыйлайды. Жастар әр аптаның жұма күні көше бойлары мен саябақтарда еңбек етіп жатқан жұмысшыларға 100 нанды тегін таратып шығады.
Қалдыбек Бекжігітов, аула сыпырушы:
Осы жігіттерге рахмет! Жылы шәйін беріп, жылы сөздерін айтып кетеді. Көке, сіздерге рақмет, еңбек етіп жатырсыңдар деп мақтап кетеді. Жылы шәйларын ішіп, біз де марқайып қаламыз.
Индира Жанашева 6 баланың анасы. Қалада пәтер жалдап тұрады. Отбасының ішіп-жемі бар, перзенттерінің үсті-басын бүтіндеу жалғыз өзіне тым қиын. Сондықтан да ай сайын «Ізгілік» дүкеніне келіп, тегін киім-кешек алып кетеді.
Индира Жанашева, көп балалы ана:
Қарап тұрсаң киім де әжептәуір ақша ғой. Киімге жұмсаған ақшаны азық-түлік жұмсайын деп осында келемін. 2-3 жыл болды, ай сайын келемін. Ырзамын. Ізгілік ұжымына мың алғыс!
«Ізгілікте жарысайық» деген бастама аясында топтасқан еріктілер бес жылдың ішінде Индира секілді 156 мың мұқтаж отбасының балаларын киіндірген. 19 отбасыға баспана сыйлаған. Мүмкіндігі шектеулі 4 мыңнан астам балаға сый беріп, қуантқан. Қаланың 4 аумағында балалар футбол, каратэмен тегін шұғылданатын үйірмелер жұмыс істейді.
Асхат Мәуленов, қайырымдылық қорының басшысы:
Ақылды қайырымдылық деген негізгі мотивациямыз және негізгі мақсатымыз. Соны түсінген жастар, қоғам оны қайта өздері жасайтындай жағдайға жеткізу. Осы тәсіл қазіргі таңда өзінің жемісін беріп жатыр.
Еріктілер еліміздің түрлі аймағында болған төтенше жағдайлар мен пандемия кезінде де сол жерден табылып, апаттан зардап шеккендерге көмектесті. Қазір олардың қатары 400 жаспен толығып отыр.
Ғани Қалмаханов