Түркістан облысында мектеп оқушысы қымыз құятын робот құрастырып шықты
Түркістан облысында мектеп оқушысы қымыз құятын робот құрастырып шықты. Ақылды аппаратқа «Денсаулық сыйлағыш Асылбек» деп есім де берген. Ол ұлттық сусынның шипалы қасиеттері туралы қысқаша мағлұмат беріп, ыдысты қымызға толтырып береді.
Роботты құрастыруға бір жылдай уақыт кетті. Жансұлтанның ойына мұндай идея жаратылыстану пәнінен өткен апталық кезінде келген. Алдымен ұстазының көмегімен алғаш роботтың бағдарламасын жазған. Кейін күнделікті сабақтан бос уақытында аккумлятор, моторлы сорғыш, диотты шам және басқа да құрылғыларды бір-біріне жалғап шығыпты.
Жансұлтан Төребек, 9-сынып оқушысы:Бұл жерде сезгіш датчик болады. Транзистор «Адуионо» микроконтролері. Робот тоқ көзі арқылы жұмыс жасайды. Арнайы карточканы оң жағына, жүрек тұсына жақындатамыз.
Жансұлтан алғашында роботты су құятын етіп құрастырмақ болған. Өйткені бүгінде қатарластары энергетикалық сусындарға әуес. Зерттей келе оның ағазға зиян екенін түсінген өнертапқыш қымызға ауыстырады. Әрі туған жері Төле би ауданының бренді саналатын ұлттық сусынды насихаттауды жөн көреді.
Лаура Жақсыбекова, информатика пәнінің мұғалімі:Тәжірибе жасағанда біраз қиындықтар болды. Бағдарламаны жазғанда да қиындық болды. Ол бірден орындалмайды. Бірнеше рет қайталадық. Бірнеше рет орындадық құрастырғанда. Ең қиын тұсы осы болды.
Зерделі оқушы роботын әлі де жетілдіріп жатыр. Оның сыртқы келбетін неғұрлым шынайы адам кейіпіне жақындатпақ. Сонан соң қымыз құятын ыдысты кесеге алмастыруды ойлап жүр.
Жансұлтан Төребек, 9-сынып оқушысы:Егер мемлекет тарапынан қолдау болып жатса мектептерге, адам көп шоғырланатын жерлерге қойылса деген ниет бар. Біздің оқушыларға тегін берілсе деген ой бар. Және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде.
Жансұлтанның өнертабысы аудандық және облыстық байқауда үздік аталған. Қазір республикалық комиссияның сараптауында. Оның қорытындысы шыққанан соң денсаулық сыйлағыш Асылбекті республикалық сайысқа қатыстырмақ.
Ғани Қалмаханов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
