Астанада қоғамдық көлік пен жүргізушілер жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қоғамдық көлік пен жүргізушілер жетіспейді

06.02.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада 400 автобус жетіспейтіні туралы айтып, елордадағы қоғамдық көліктер жүйесін сынаған болатын. Бірақ Астанада тек ғана автобустар емес, оны басқаратын жүргізушілер де жетіспейді. Қазір қалада мың жарым жүргізуші болса, тағы да мың адам керек екен.

Астанада ресми статистика бойынша 300 мыңға жуық көлік тіркелген. Бейресми 500 мыңға жетеғабыл деген болжам бар. Соның салдарынан тар жол мен бар жолда кептеліс. Бұл ретте, оң шешім – қоғамдық көлік болуы тиіс еді. Бірақ ол қоғамды тасымалдаудан бұрын, қоғамның арыз-шағымынан шыға алмай тұр.
Жолаушылар тасымалы саласында сірескен мәселе көп. Әуелі автобус жетпейді. Оны сатып алатын қаржы қат. Себебі жол ақысын төлемейтін жолаушылар көбейген. Нәтижесінде, Астананың өзінде жылдық шығын 2,8 млрд теңгеден асып кеткен.

Арнайы қызметкер жол ақысын төлеу процессін қадағалап жүр. Күнде құқық бұзушылықты анықтайды.
Жол ақысын төлеуден жалтарғандарға екі айлық есеп көрсеткіші бойынша айыппұл салынады. Бірақ кей жолаушыларға ол талапты да орындата алмайсың...
Бас прокуратураның мәліметінше тұтас ел бойынша былтыр 22 652 әкімшілік құқық бұзу фактісі тіркелген. Яғни жолақысын төлемеген. Соның 85 пайызы, яки, 19 602 жағдай Астанада анықталған екен. Бірақ қоғамдық көліктерге мориторинг жүргізетін елордалық серіктестестіктің сандары басқа.

 Райымбек Қабиболла, Көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары:
Біздің қызметкерлермен жылына 100 мыңнан аса құқық бұзушылықтар тіркеледі. Яғни олар жол ақысын төлемейді. Оларға біз түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
Жолақысы төленбегесін шығын көп, автобус алатын ақша аз делік, хош. Мәселе мұнымен бітпейді. Астанада автобустармен қоса оны басқаратын жүргізушілер де жетіспейді.

 Орал Әміров, қоғамдық көлік жүргізушісі:
Қоғамдық көлікте жұмыс істеу өте бір жзауапты іс. Бұған көпшілік жастар келе бермейді. Бұл сабырлықты, шыдамдылықты талап ететін мамандық. Жүргізушілердің көбі шетелге, Еуропаға кетіп жатыр.

 
Үлкен автобусты басқара алатын жүргізушілерді табу қиын. Өйткені, көбінің жүргізушілік куәлігі талапқа сай емес.

Әділ Сайынов, Көліктік басқару департаменті директорының орынбасары:
Категория Д-1-де 3 жыл микроавтобус бағдарында жұмыс істеу керек. Ол марштруткалар. Ал ол жоқ. Тек ғана үлкен автобустар.
Қоғамдық көлікке қатысты тағы бір мәселе – жылы аялдамалар. Астанада 1091-і бар, оның 164-і жабық аялдама. Әкімдік олардың қатарын жыл сайын көбейтіп отырамыз дейді. Бірақ салына салысымен қирап нақтырақ, қиратып жатқандары да бар.

 Әділжан Сағындықов, «Сарыарқа» ауданы әкімі аппараты бөлім басшысының міндетін атқарушы:
Өткен жылы 4 құқық бұзушылық анықталды. Вандализм, терезелерді соғу, есік сындыру, бейнебақылау камераларын ұрлау және т.б.

Президент Астанадағы автобустардың тапшылығы алдағы 5 жылда 2 есе артуы мүмкін екенін айтты. Сол себепті де, жолаушылар тасымалындағы мәселелер бүгін шешілмесе, ертеңгі ахуал қиындай түспек.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу