Қазақстанда жыл сайын 57 мыңға жуық дала қыраны электр желілеріне, яғни қаз-қатар тізілген бағандағы тоқ сымына түсіп өледі. Бұл туралы арнайы зерттеу жүргізген отандық ғалымдар мәлімдеп отыр. Суретші әрі Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков тап сол дала қыранын көк Туымызда қаламымен қалықтатпап па еді?!
Бұл біздің символ. Бірақ, сол символымыздың өзіне деген қамқорлық азайып барады. Дала қыранынан бөлек, сирек кездесетін тіпті. жойылып кету алдында тұрған жабайы жануарларды ғылыми зерттеу жұмыстары да саябырлаған.
«Қызыл кітап – тірі жан тимесін деп, хайуанатқа берілген қызыл мандат». Қадір Мырза Әлінің сөзі. Бірақ, сол мандаттың күші мен мән-маңызы жануарлармен бірге жойылып бара жатқан сияқты. Қазақстанда соңғы Қызыл кітап 2008 жылы жазылған деседі.
Одан бері кітаптың түсі өзгермесе де, тысы қалыңдар еді. Өйткені, басқасын қайдам көк Туымызда қанатын жайған дала қыранының өзін қанатымыздың астына алып, қамқорлық таныта алмай келеміз.
Руслан Оразалиев, Қазақстанның Биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері:
Қазақстанда дала қыранына қатысты негізгі мәселе - электр тоқтарының желісі. Ғалымдар мен өзіміз жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша жылына Қазақстанда 57 мыңға жуық дала қыраны мен басқа да ірі құстар тоққа түсіп өледі. Мемлекет бұл құсқа назар аударып, проблеманы шешу жолдарын қарастырып жатқан жоқ.
Жалпы жабайы жан-жануарларды зерттеу жұмысы Ғылым және жоғары білім министрлігінің еншісіндегі іс. Ал тұтастай қорғау ісі – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің міндеті. Оған дейін бұл жауапты жұмыс - Ауыл шаруашылығы министрлігінде болған. Дегенмен, бұл өзгерістерден оң нәтиже аз болып тұр, дейді мамандар.
Айтуар Туғанбеков, ҚР ҰҚШҰ Зоология институтының аға ғылыми қызметкері:
Соңғы 20 жылда бізде маңызды ғылыми-зерттеулер өткізілмей келеді. Сол себепті қай аң-құс, жануардың түрі құрып бара жатқанын нақты айта алмаймыз. Бұған негізгі себеп - мемлекет тарапынан қаржыландырудың аздығы. Мысалға, Экология министрлігінің стратегиялық жоспарында бірнеше ғана жануар түрі бар. Олар: киік, арқар, қарақұйрық, тоғай бұғысы және қар барысы. Бірақ, олардан тыс зерттелмей жатқан тағы да 200 жануар түрі бар.
Ал Қазақстанның Зоология институтының ғалымдары елімізде Тәуелсіздік алған жылдан бері бірде-бір жабайы жануар түрі жойылып кеткен жоқ деп мәлімдеді. Белгілі бір жануар түрін жойылып кетті деп санау үшін 50 жыл өтуі керек екен. Демек, әлі ақталуға себеп бәлкім, сылтау бар. Ал жануарларды зерттеу жұмысы баяу екенін олар да мойындайды.
Айдын Есжанов, Зоология институтының меңгерушісі:
Ғылыми жұмыстар өткізу үшін ең үлкен қиыншылық -қаражат. Дегенмен, қаражаттың бөлінуі көбейіп жатыр ғылыми жұмыстарға. Бірақ, ол дамыған елдердегі сияқты емес. Нақты ақпаратты білу үшін біз үзіліссіз тұрақты мониторингті жүргізуге тиістіміз. Біздің жұмыстарымыз тұрақты емес.
Биоәртүрлілік туралы халықаралық конвенция бар. Қазақстан сол халықаралық келісімге келген елдердің бірі. Конвенцияға сай әр елдің жан-жануарларды қорғауға арналған тұжырымдамасы бекітілуі керек. 150 елдің ішінде 15-інде ол жоқ. Соның бірі – Қазақстан. Бұл дегеніңіз, жабайы жан-жануарларды зерттеу һәм қорғаудың жүйелі стратегиялық бағдарламасы жоқ деген сөз.
Мұны мамандар растап отыр. Дегенмен, Президенттің сайлауалды бағдарламасында жабайы жануарларды қорғау мәселесі қамтылып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылады делінген. Қорыта айтқанда, Қазақстан аумағын мекендеген жабайы жануарларға деген жауапкершілік жоғалған күні аң-құстың өзі де жоғалады. Олар адамзатқа берілген аманат.
Азамат Бейбітұлы