Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны күн сайын артып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған алаңдаулы. Америкалық бір институттың болжамына сай, Қытайда ковид миллиондаған адамның өмірін қиюы мүмкін. Бұған қоса алда елді коронавирустың үш толқыны күтіп тұр.
Қытайда коронавирустың тарауы тоқтамай жатыр. Ауруханалар лық толы. Науқастарға қажетті дәрі-дәрмек те жетіспейді. Қазіргі уақытта елде ковидке шалдыққандар мен одан қайтыс болғандардың нақты саны белгісіз. Себебі жақында үкімет коронавирус инфекциясынан болатын өлімді тіркеу критерийін өзгертті. Оған сай тек тыныс алу жетіспеушілігінен болған өлім ковидтен болды деп саналады.
Хан Сюй, дәрігер:
Бұрын біздің бөлімде небәрі 100-ге жуық науқас болса, қазір күніне 400-ге жуық адам түседі. Олардың дене қызуы көтеріліп, респираторлық инфекцияға шалдыққан. Жағдай қиын. Дәрігерлер күні-түні ауруханада қалуға мәжбүр.
Қытайда ковидке қатысты қатаң локдаун желтоқсанның 7-де жеңілдетілді. Бұған шектеулерге қарсы жаппай шеру ықпал еткен. Осыдан кейін міндетті ПТР-тесті алынып тасталып, ел ішінде қатынау жеңілдеді. Содан бері вирусты жұқтырғандардың саны да күрт артып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жағдайға алаңдап, ел үкіметін тұрғындарды иммундауға көңіл бөлуге үндеді.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
Жағдайды жан-жақты зерттеп, бағалау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына аурудың күрделілігі, ауруханадағы науқастар жайында толық ақпарат қажет. Біз Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіне қолдау көрсетуді жалғастырамыз.
Коронавирус Қытайда келесі жылы миллионнан астам адамның өмірін қиюы мүмкін. Бұл - Денсаулық сақтау жүйесін бағалау бойынша америкалық институттың болжамы. Оның үстіне алда елді ковидтің үш толқыны күтіп тұр. Бірінші кезеңде вирус ірі қалаларда тарап, ал жаңа жылдық мереке кезінде және одан кейінгі күндері күллі ел аумағында өршуі мүмкін.
Арай Төлегенқызы