Елімізде 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймаққа енді. Оларды жөндеу үшін 182 млрд теңге қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Тозығы жеткен нысандар қақаған қыста әупірімдеп жұмыс істеп тұр. Салдары белгілі. 2 айдың ішінде Риддер мен Екібастұзда ірі апат болды. Жылу орталықтарында қордаланған мәселе қалай шешіледі?
Үкімет отырысы: 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймаққа енді
Президент тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйін тексерген. Нәтижесінде, «қызыл аймаққа» 19 нысан енді. «Сары» аймаққа - 11, «жасыл» аймаққа – 7 жылу орталығы кірген. Нысандарда жабдықтар тозған. Орташа тозу көрсеткіші – 66 пайыз. Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы қазандықтардың тозуы 80 пайыздан асады. Орталықтардың көбі 60 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
«Қызыл» аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу көлемі айқындалды. Жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Бұл есеп бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді.
Үкімет басшысы: Әкімдер жалған ақпарат берген
Тозығы жеткен нысандарда жұмысқа деген салғырттық та жұдырық болып отыр. Министр ақау шыққан жылу электр орталығы бірінші басшыларына айыппұл салуды ұсынды. Ал Үкімет басшысы күзде «жылыту маусымына дайынбыз» деп жалған ақпарат берген Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының әкімдіктерін сынға алды. Қыс басталысымен Семей, Рудный, Теміртау, Ақтау қалаларының жылу беру жүйелерінде де қауіпті жағдай орын алды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Әкімдіктер «жылыту маусымына сақадай сай дайынбыз» деді. Әкімдер «ешқандай проблема жоқ» деп баяндады. Алайда, жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. 2 айдың ішінде 2 ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Баспасөз бен әлеуметтік желілердегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар».
Жылу қазандықтарындағы проблемалар жасырылып келген. Үкімет басшысы осылай деді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан сапалы жөндеу жүргізілмеген. Жеткілікті инвестиция салынбаған. Энергетика министрлігі электр стансаларын тексеруді келер жылдың бірінші тоқсанында аяқтауы керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Бұл саладағы қалыптасқан нақты жағдайды білу үшін тексеру жұмыстары сапалы, әрі ешқандай бұрмалаусыз шынайы жүруі тиіс. Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезеңді тозу деңгейі 70 проценттен асып кеткен жылу желілері ауыстырылады.
Мұндай желілердің ұзындығы – 1 600 шақырым. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Оларды жаңарту үшін қазынадан нысаналы трансферт бөлінеді. Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне осы жұмыстарды пысықтауды тапсырды.
Дарын Сағитов