Астанада 40 тұрғын үй кешенінің құрылысы тежеліп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 40 тұрғын үй кешенінің құрылысы тежеліп тұр

09.11.2022

Астанада 2015 жылдан бері 40 тұрғын үй кешенінің құрылысы тежеліп тұр. Бірер күн бұрын Астана қаласының әкімдігі үлескер ақшасын алуға құқығы жоқ құрылыс компанияларының тізімін жариялаған болатын. Ондағы мақсат - тұрғындар жинап-терген ақшасын құрылысқа салып, кейін алданып қалмасын деген ой.

16 қабат тұрғын үйде өрт сөндіру жүйесі іске қосылмаған. Баспалдақтары мүжіліп, жар сөгілуде. Сырттағы көрініс тіпті нашар. Қабырғаның бір қабаты желге төтеп бере алмай, құлап жатыр. Фундамент, яки ірге тасы ашық-шашық. Жертөле суға толып, жағымсыз иіс үйдің ішін алады. Жағалау 3 мекен жайындағы 28-ші және 29-шы екі тұрғын үйдің күйі бір.

Ерлан Бектаев, қала тұрғыны:

Жағдай жоқ. Міне үйдің іргетасы ашық жатыр. Оған ешкім мән бермейді. Біз қанша жаздық. Сосын өрт қауіпсіздігі дейді тіпті монтажды бітірген де жоқ. Осы үйді кім қабылдағанын білмеймін.

Нұрғайша Қуандықова, қала тұрғыны:

Біз 2009 жылы келісімшартқа отырғанбыз. Құрылыс компания «Аси». Басшысы Сергей Владимирович. Содан бізге 3 жылда бітіріп береміз деген. Содан 19-20 жылға дейін тостық. Бізге ол кісі айтты өздерің кіріп, ішін ремонттаңдар әйтпесе солай жүре бересіңдер деп. Содан сол Үкімет үлекерлерге ақша бөлді. «Таң» деген құрылыс компаниясы құрылысты аяқтады. Бірақ, көптеген ақаулар шығып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, жмысқа жауапсыз қарайтын құрылыс компаниясының басшысы тұрғындардың арызына да жауап бермей қашып жүр. Өзі уақытынан кешіктіріп шала берілген үйде бітпеген іс көп. Ал, әкімдіктегілер қос тұрғын үйге қатысты былай дейді.

Шапағат Таупыков, Астана қаласы әкімдігі Тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысуды бақылау бөлімінің басшысы:

Бағдарлама бойынша жаңғырту жұмыстары барлық бағыт бойынша жүргізілмеген. Тек, негізгі бағыттар бойынша күрделі жөндеу істелген. Сапасыз құрылыс бойынша «Аси» атты инвестициялық құрылыс компаниясына талап-арыз қою керек. Ол компания қазіргі таңда жұмыс істеп, сол тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетіп отыр. Егер ол компания тұрғындардың арыз-шағымына жауап бермесе, мәселені сотта шешу керек.

Енді жағалаудағылар құрылыс компанияларын жағаламай, тура сотқа арыздануы керек. Басқа құқықтық тұрғыда шешім жоқ. Жалпы, Астанада 2015 жылдан бері 40 тұрғын үйдің құрылысы тежеліп тұр. Олардың барлығының құрылысы кезек һәм кезеңімен аяқталады. Ол үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ұйым құрылған. 2018 жылдан бері үлескердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін 117 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бір Астананың өзінде үлескердің ақшасын алуға құқығы жоқ 80 құрылыс компаниясы бар. Әкімдіктің ресми сайтында толық тізімі ұсынылған. Қорыта айтқанда, құрылысқа ақша салардан бұрын, тізімге зейін салған игі.

Азамат бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу