Осы аптада Ресей әскері өзі үшін Украинаның оңтүстігінде жағдайдың қиындағанын мойындады. Және де Мәскеу Херсоннан сан мың бейбіт тұрғын мен қызметкерлерін жаппай көшіруге кірісті. Ал, Киевтің мәлімдеуінше, ресейліктер шегінгенін көлеңкеде қалдыру үшін халықты эвакуациялап, су бөгетін жарып кетейін деп отыр. Мәскеу болса, Украина армиясының өзін дамбаны атқылауға әзірленіп жатыр деп айыптады.
Тағы бір айта кететін жайт, соңғы тәулікте Украинаның энергетикалық инфрақұрылымы қайтадан алапат шабуылға ұшырап, 1 жарым миллиондай адам жарықсыз қалды.
Соңғы тәулікте Ресей армиясы Украинаның энергетикалық инфрақұрылымы мен басқа да нысандарына зымырандармен, дрондармен тағы да соққы берді. Одан Хмельницкий, Николаев, Волынь, Черкасск, Ровень, Кировоград, Одесса облыстары орасан зардап шекті. Ресми деректерге қарағанда, жалпы алғанда 1 жарым миллиондай абонент жарықсыз қалған. Ал, қазанның 10-нан бері мұндай соққылардан Украина энергия жүйесінің 40 пайызы істен шықты.
Бұған ашыған президент Зеленский ел әуе күштерінің күндердің-күнінде Ресейді ракетамен шабуылдау мүмкіндігінен мүлде айыратынын ескертіп отыр.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
Әскери-әуе күштеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Әрине, ресейлік зымырандарды 100% атып түсіруге және дрондарды шабуылдауға әзірге техникалық мүмкіндігіміз жоқ. Серіктестеріміздің көмегімен бұған да бірте-бірте жететінімізге сенімдімін.
Алайда, Ресей Украинада азаматтық нысандарды қиратқанын үнемі жоққа шығарып келеді. Иран болса, Мәскеуге дрон немесе өзге қару сатқанын мойындамады.
Майдандағы жағдайға келсек, қазір басты назар – оңтүстіктегі Херсон облысында. Бұл аймақтан Ресей әскері шегіне бастады. Херсонда ресейліктер үшін қиын жағдай туындағанын осы аптада олардың жаңа қолбасшысы Сергей Суровикин де растады. Ал, АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының дерегінше, өткен тәулікте Украина армиясы Чаривное, Чкалово ауылдарын азат етті. Мәскеу болса, қарсыласқа тойтарыс беріліп жатқанын мәлімдеп отыр.
Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:
Николаев-Кривой Рог бағытында жау 2 батальондық тактикалық топты жіберіп, Ресей әскерлерінің қорғанысын бұзуға әрекет жасады. Ал, Днепр өзенінің батыс жағалауындағы барлық шабуылдарға тойтарыс беріліп, қарсылас бастапқы орындарына қарай ығыстырылды.
Тағы бір айта кететін жайт, Ресей әскері Днепр өзенінің батыс жағалауынан кете отырып, мыңдаған жергілікті тұрғын мен оккупациялық билікке қызмет еткен адамдарды жаппай көшіріп жатыр. Бұл эвакуацияның түпкі мақсаты не? Оны нақты ешкім білмейді. Мәскеуге сенсек, жақында Украина Херсонды алу үшін кең ауқымды шабуылға кіріседі. Сондықтан, халық кетуі керек. Алайда, кейбір украиналықтардың ойынша, Ресей тұрғындарды жаппай әкете отырып, өзінің оңтүстіктен қашып жатқанын көлеңкеде қалдырғысы келеді.Оның үстіне Херсоннан 70 шақырым жердегі су бөгеті жарылады деген қауіп бар.
Константин, Херсон тұрғыны:
Біз соғыстан қорықпаймыз. Тек Каховка су электр станциясы бомбалануымүмкін деп уайымдаймыз. Өте ауыр жағдай. Мен отбасым үшін қорқамын. Сондықтан, Херсоннан көшіп жатырмын.
Шындығында да осы аптада Каховка ГЭС-нен төнген қауіп жайлы көп айтылды. Мұндағы дамба жарылса, 18 миллион текше метр судың алапат толқыны Херсон мен оның айналасындағы ондаған елді мекенді басып қалуы мүмкін. Ресейліктердің сөзінше, бөгетті Украина қарулы күштері атқылауға әзірленіп жатыр. Мұны жоққа шығарған Киевтің ойынша, Ресей дамбаны миналап қойды, енді оны жарып, бар кінәні Украинаға артайын деп отыр. Бұған жол бермеу үшін Зеленский Батыстан көмек сұрады.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
Егер Ресей мұндай сценарийді шындап қарастырып жатса, демек ол Херсонды ғана емес, еліміздің бүкіл оңтүстігін, соның ішінде Қырымды да ұстап тұра алмайтынын анық түсінді. Баршамыз – еуропалықтар, барлық әлем лидерлері мен халықаралық ұйымдар – Каховка электр станциясына қарсы мұндай лаңкестік әрекеттің ядролық қару қолданумен бірдей болатынын түсіндіруіміз керек.
Қарулы қақтығыс Ресейдің өз аумағына да ойысып бара жатқандай. Өткен тәулікте Белгород облысының Шебекино қаласына жасалған соққыдан 2 адам қаза тапты. Жергілікті билік бұл шабуылды Украина әскері жасады дейді. Киев үнсіз.
Арыстан Рысбек