Экономика: Қазақстандық дипломаттар ірі компаниялармен келіссөздер жүргізуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономика: Қазақстандық дипломаттар ірі компаниялармен келіссөздер жүргізуде

09.10.2022

«Дағдарыс – жаңа мүмкіндіктер» деп, Ресейге санкциялар салына бастағалы айтып жүрміз. Батыс қыспағының біздің экономикаға кері әсерін де бұған дейінгі эфирлерімізде талдадық. Бұл жолы Ресейден релокация жасамақшы компанияларға тоқталмақпыз. Санкциялардан кейін көрші елден 300-ден астам шетелдік ірі кәсіпорын кетті. Қоштасудың қиын болғаны түсінікті. Өйткені Ресей – алып нарық. Одан бөлек тұтас Орталық Азияға апаратын жол. Ал енді орнын кім басады? Қазақстандық дипломаттар мен салалық ведомство өкілдері қазір ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Олардың ішінде көлік, локоматив құрастырушы кәсіпорындар бар. Олар Қазақстанға көшіп, осында зауыттарын ашуға мүдделі. Жаңа зауыттар – жаңа жұмыс орындары деген сөз.

Бірақ өзгені өгейсінетін әдетіміз бар ғой. Сарапшылар осы жаман қылығымыз жақсы мүмкіндіктерді ұтымды пайдалануға кедергі болмаса екен, - дейді. Әрі әп-әдемі заңдарымыздың кейде жүзеге аспай қалатыны бар. Оңғар Алпысбайұлы шетелдік компаниялар Қазақстанға келсе, қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін саралап көрді. Ұлттық мүддені де ұмытпады.

Бұл Қарағанды облысы Сарань қаласындағы кәсіпорын. Жуырда ашылады. Бұған дейін Татарстанда шина өндіріп келген Кама Тайэрс Қазақстанға көшіп жатыр. Дөңгелектерін әлем бойынша экспорттайтын ірі компанияның нарығы санкциялардың салдарынан тарылып қалған. Релокация өндіріс ауқымын бұрынғыдан да еселеп арттыруға мүмкіндік бергелі тұр дейді зауыт басшылығы.

Александр Смышляев, «Кама tyres kz» зауытының директоры:
Жылына 3,5 млн шина өндіреміз. Біз Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтамасыз ете аламыз. Одан артылғанын Орталық Азия мен Ресейге де экспорттамақпыз. 1100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз. Оның 90 пайыздан астамы жергілікті тұрғындар. Қызметкерлерді алдымен Татарстандағы зауытқа оқуға жібереміз.

Түрлі салада қызмет ететін жүздеген компания Ресейден кететіндерін жариялады. Басым бөлігі батыстың шектеулерінен қашып өнімдерін өзге елдің атынан ұсынудың жолын іздеуде.

Арсен Томский, «Indriver» компаниясының негізін қалаушы:
Біз Қазір Якутсктен Алматыға көшіп жатырмыз. 600-ден астам қызметкеріміз Қазақстанға көшіп келді. Геосаяси жағдайға байланысты не істерімізді білмей отырған кезімізде Қазақстан билігі өздері бізді шақырды. Бірден келістік. Якутскте отырып әлемнің бірінше елінде №1 қосымша болдық. Ал, Қазақстанда бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Кез келген дағдарыстың артында мүмкіндіктер тұрады. Біз бұл жағдайды дұрыс пайдалансақ ұтарымыз көп дейді, экономистер.

Ербосын Нұрмұхан, экономист:
Біз үшін айтқанда өте үлкен орай. Өте үлкен мүмкіндік қазіргі осы Ресейден кетіп жатқан зауыттар. Белімізді бекем буып сол мүмкіндікті пайдаланып қалсақ әрине біз үшін айтқанда өндірістік революция деп қарауға болады мұны.

Мемлекеттік органдар елге инвестиция тарту жұмысын бастап та кеткен.

Алмас Айдаров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Осы жылдың наурызынан бастап келіссөздер жүріп жатыр. Енді әр компанияның өзінің мерзімі бар. Менің ойымша алдымыздағы 1-1,5 жылдың ішінде олар өз шешімдерін қабылдайды.
Мейіржан Юсупов, «Kazakh invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Бүгінгі таңда 270 компанияға шақыру хаттары жеткізілді. Оның ішінде 143 компаниямен біз кездесулер өткіздік. 50-ден астам компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар өздерінің Қазақстанға көшу деген ниеттерін білдірді.

Қазақстанға инвестиция құюдың ең бірінші тиімділігі географиялық орналасуы. Шығыс пен батыстың көпірі саналатын елден әлемнің кез келген жерімен байланыс орнату оңай.

Едіге Қожахмет, Халықаралық инвестиция бойынша кеңесші:
Қазақстанға келгісі келетін немесе келіп жатқан тікелей инвесторлардың басым көпшілігі Қазақстанның өзін жеке нарық ретінде емес аймаққа ашылатын үлкен бір мүмкіндік ретінде қарайды. Орта Азия нарығы бар. Қазіргі енді геосаяси жағдайға байланысты ТМД аймағы бар. Соның бәріне Қазақстан хаб ретінде келуге бүкіл аймақтың орталығы ретінде орталығын ашуға немесе өндірісін ашуға үлкен мүмкіндік.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 400 млрд доллар шамасында сырттан инвестиция тартқан. Алайда осы жолғы көштің жөні бөлек.

Сапарбай Жобаев, экономист:
Бізге келген инвестицияның үлкен бөлігі – бұл шикізатқа келген. Ал, өңдеуші салаға келетін инвестиция олар зауыт құру керек. Олар кейін адамдарды үйретуі керек. Өнімді шығару керек. Өнімді сатуы керек.

Инвесторлар нарықты зерттеген кезде 4 нәрсеге баса назар аударады. Алғашқысы мемлекет тарапынан жасалатын жағдай, заңның қамқорлығы. Қазақстанға сырттан кеп ақша құйған компаниялар 10 жылға корпоративтік кіріс салығынан, мүлік және жер салығынан босатылады. Кей жағдайларда субсидия алу мүмкіндігі де бар.

Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздегі заңдар мықты. Дегенмен, әлі де болса көп жерде заңның үстемдігі жоқ. Оны біз білеміз. Біздегі шығып жатқан заңдар жақсы. Бірақ оларджың орындалу механизмі жоқ көп жерде. Көптеген жергілікті биліктер осыларды сапасыз жүзеге асырып отырады.

Инвесторлардың сенімін арттыру үшін Астана халықаралық қаржы орталығына ағылшын қағидатымен жұмыс істейтін сот та құрдық. Жұмысын 2018 де бастады. Ал, кәсіпорынға қажет жұмыс күші бізде бар. Кез келген салаға қажетті шикізат та жетеді. Нарықтың ауқымы тіпті кең. Шығысымызда млрд тұтынушысы бар Қытай тұр. Орталық Азияның жүрегіндеміз. Теріскейде сол компаниялар кетуге мәжбүр болған Ресей. Екінші үлкен проблема инфроқұрылымда дейді, мамандар.

Ербосын Нұрмұхан, экономист:
Қытайдың Нәнтун деген қаласына бардық. Осы Астана қаласының өнеркәсіп палатасының адамдары бар. Мекемесі бар бизнесмендерді шақырып, инвестиция тарту деген. Стандартты зауыт үйлерінің дайын екенін, стандартты офистерінің дайын екенін көрсетіп буклетін жасап, алдына жүгіріп жүр. Ал енді біз инвесторлардың келуін күтіп отырмыз. Инвестиция тартудың әдісін солардан егер үйренетін болсақ онда оларды қызықтыратын мүмкіндік туады.

Ал бізде ше? Инвестор өзіне тиімді аймақты таңдаған соң қажетті инфроқұрылымды сұрайды. Ол қашан беріледі? Тіпті, беріле ме жоқ па екені алдымен үлкен талқыға түседі.

Мейіржан Юсупов, «Kazakh invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Маған электр қуатын тартып беріңіздер, немесе су құбырын тартып беріңіздер деген, немесе теміржол тартып беріңіздер деген. Енді оны мемлекет қарайды Қанша жұмыс орны құрылады? Қанша инвестиция сала алады? Қандай өндіріс шығады? Экспорт жасала ма жасалмай ма? Қанша салық төленеді? Соның бәрін есептеп қарайды. Соған қарай шешім қабылданады.

Транзиттік әлеуетіміз зор болғанымен оны тиімді пайдалана алмай отырмыз. Теміржол арқылы жүк тасымалы өте баяу. Каспий теңізі арқылы қатынасты да еселеп арттыруға әлеуетіміз бар. Бірінші кезекте осы мәселелерді реттеп алуымыз керек дейді Мәжіліс депутаттары.

Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізде теміржолдың барлығының сапасы төмен өте. Соған қатысушы операторлар бар. Тау кен саласындағы. Мұнай саласындағы. Солар да өз қаражатынан мемлекетке көмек ретінде бағанағы жолдың жартысын салуға ат салысса инвестиция ретінде. Олар ертең өздері де пайдасын көреді. Одан кейін мемлекетке де бұл көмек болар еді. Осындай сапалы жұмысты бүгінгі күні тиісті министрліктер, үкімет, жергілікті әкімдер жатпай тұрмай жасауы керек бірігіп.

Қарапайым халық та сырттан келетін компанияларды қабылдауға дайын емес. Бұл да қаржы тартуға белгілі мөлшерде кедергі келтіреді дейді мамандар.

Едіге Қожахмет, Халықаралық инвестиция бойынша кеңесші:
Белгілі бір ұлттық комплекс қабылданған жағдай бізде бар. Қанша жыл біз отарда болдық. Біз сырттан келген дүниелерге бәрібір жатырқап қараймыз. Қорқатын обективті себептер бар кейбір тұрғыдан. Бірақ ол нәрсені бүкіл жалпы барлық нәрсеге жабу біздің ұлт ретінде, мемлекет ретінде дамуымызға кедергі болып жатады.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Қытай келіп біздің мұнайымызды қарап жатыр. Еуропалықтар біздің мұнайымызды алып жатыр деген адамдарда түсінік бар еді. Ал егер олар келіп, өңдеуші зауыттар, фабрикалар құрып, өздері өнім шығарып, оны өздері сатса құба құп емес пе? Олар қайта істесін. Келсін. Біздің адамдар үйренеді. Олар өмір бойы қалып кетпейді ғой. Келген кезде бір мамандар үйретеді де біраздан кейін кетеді.

Дәл қазір ірі компаниялар релокация аймақтарын зерттеп жатыр. Әліптің артын бағып отырғандар да жетерлік. Сондықтан олар нақты шешім қабылдағанға дейін біз өз мүмкіндіктерімізді тиісті деңгейде ұсынып үлгеруіміз керек дейді экономист мамандар.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу