Биылдан бастап мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылдан бастап мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшеді

25.08.2022

Биылдан бастап мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшеді. Ата-аналарды қуантқан тағы бір жаңалық 1 сыныпта өзге тілдер оқытылмайды. Білім саласын тағы қандай бастамалар күтіп тұр. 

Ахмет биыл бірінші сыныпқа барады. Қыркүйекті асыға күтіп жүр. Киімі де дайын. Ал анасының қуанышы одан да еселене түскендей. Өйткені, баласы әліппемен қауышады, әрі тек ана тілде білім алады.

Арайлым Кабажаева, қала тұрғыны:

Бірінші сыныптан үш тілділікті алып тастау мен үшін қуанышты жағдай. Не себепті, өйткен бала білімді өз ана тілінде сіңіруі керек. Өз ана тілінде ойлай білуі тиіс. Өзіміздің тала қазақ баласы білім алған әліппе қайта оралып жатыр. Ол да бір қуантатын жаңалық.

Енді орыс тілі тек 2-ші, ал ағылшын тілі 3 сыныптан бастап оқытылады. Ал орта сыныптардағы «Қазақстан тарихы» пәнінің мазмұны өзгереді. Яғни, оқу бағдарламасы тарихтың барлық кезеңдерін қамтиды. Музыка пәнінде оқушылар қалауынша домбыра үйрене алады. Шахмат ойнауға да мүмкіндік беріледі. Басты жаңалық, енді мектептер бес күндік оқу аптасына көшеді.

Бақытгүл Сыдық, №93 Мектеп-лицейі директорының орынбасары:

Биылғы оқу жылы оқушылар мен мұғалімдерге өте тиімді болды. Өйткені, мұғалімдер бос уақытында шығармашылықпен айналысып, өздерінің авторлық, ғылыми жұмыстарымен педагогикалық білімдерін жетілдіруге өте тиімді болды. Оқушыларға тиімділігі бос уақыттар көбейді. Түрлі сессияларға қатыса отырып, щығармашылықпен айналысуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік бар.

Ал аз қамтылған отбасында тұратын үлгерімі нашар 350 мың балаға «Цифрлық ұстаз» жобасы арқылы қосымша білім алуға мүмкіндік беріледі. Мұғалімдер, біліктілікті арттыру курсын, бес жылда емес, үш жылда бір өтеді. Мектеп ұстаздары ғана емес, тіпті жекеменшік балабақша тәрбиешілері де бұл курстан өтуге міндеттеледі. Ал балалардың жазғы демалысы 1 маусымнан басталады Өйткені, оқу мерзімі бір аптаға ұзарды.

Жомарт Қарамбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары:

Бұл өзгеріс сабақ кестесіне де өз әсерін тигізеді. Егер бұрын, 7-8 кей мектептерде 9 сабақ оқыса, биыл 1-4 сыныптар 3-4 сабақтан, 5-9 сыныптар 5-6 сабақтан, 9-11 сыныптар 6-7 сабақтан болады.

Ал 5 күндік оқу жүйесінің үш ауысымды мектептерге қатысы жоқ. Өйткені, бұл мәселе біртіндеп шешіледі, - деді министр. Биыл 225 мектеп қолданысқа беріледі. Тағы 280 мыңдай балаға әлі де орын жетпейді.. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа оқуы жылында 3,6 млн бала 7 637 мектепте білім алады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу