12 жастағы оқушының қазасынан кейін ақтөбелік ата-аналар иттердің көзі жойылсын деп құзырлы орындарға шағымданып жатыр. Қазірге дейін 100-ден аса арыз жиналған. Соңғы тәуліктерде қайғылы оқиға болған «Есет батыр» ауданының өзінен 100-ге жуық төрт аяқты ауланды. Бұл жұмыстарға белсенділер мен қоса ата-аналар да қолғабыс етіп жатыр.
Бұл- үш апта бұрын итке таланған оқушының анасы. Алтынгүл Жарылғапова тілшілермен кездесуге қызының үстінде болған киімдерін де алып келіпті. Тіпті, аяқ киімінде де ит тісінің ізі қалған. Бір қуанарлығы, қазір баланың жағдайы жақсы. Дегенмен, өз-өзіне келуіне әлі уақыт керек. Ашулы ана сол кезде құзырлы орындар бірден әрекет еткенде соңғы қайғылы оқиға болмауы мүмкін еді, дейді.
Алтынгүл Жарылғапова, оқушының анасы:
Сәуір, мамыр - екі айдың ішінде 101 бала қаңғыбас итке таланған. Сонда сол статистика бойынша неге сол бойда у-шу көтермеген? Білмеймін. Біздің облыстық денсаулық сақтау басқармасы, горветстанция сол кезде статистикаға неге қарамаған? Сонда міндетті түрде біреу өлу керек пе? Біреу итке талану керек пе?
Бүгін «Есет батыр» ауданындағы мектепте өткен жиын бір минут үнсіздікпен басталды. Ит талап, қаза тапқан Мадияр осы білім ордасында оқыған еді. Ата-аналар, тағы да «Бүкіл иттердің көзі жойылсын» деген талап қойды. Қазір ит аулау жұмыстарымен қала бойынша үш топ айналысып жатыр. Бұл жұмыстарға көмектесіп жүрген белсенділер де бар. Қазірге дейін ата-аналардан құзырлы орындарға иттерді түгел аулау қажеттігі туралы арыздар көп түсіп жатыр екен.
Индира Асылбекқызы, қоғам белсендісі:
2 күн ішінде 68 арыз қолымнан өтті.Тағы бір ата-ана 62 арызды жинап отыр. Сауалнама жүргіздім кеше. Айтайын сіздерге, 97 пайыз адам қолдап отыр аулауға, 3-ақ пайыз қолдамай отыр.
Облыс басшылығының мәліметінше, иттерді ұстайтын орын бар. Қаржы жағы да мәселе емес. Тек соңғы тәулікте мамандар 31 бұралқы итті аулаған. Қаңғыбас ит-мысықтарды ұстауға жергілікті бюджеттен 51 млн теңге бөлінді. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары соңғы оқиғаға орай жауапкершілікті мойнына алатынын, қажет болса қызметінен кетуге дайын екенін айтқан еді. Алайда, аймақ басшысы оны орнынан алу, алмау екінші кезектегі мәселе екенін алға тартты. Орынбасары қазір қызметінде жүр.
Жақсыбек Кемал