Елімізде қазірдің өзінде абоненттерден интернет сапасына қатысты шағым көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қазірдің өзінде абоненттерден интернет сапасына қатысты шағым көп

29.05.2022

Ресейдің байланыс операторлары санкциялардың салдарынан енді бұрын қолданылған құрылғыларды өзге достас елдерден әкелуге мәжбүр. Өйткені мобильді интернетке трафик ұлғайып, станциялар істен шығып жатыр. Құрылғыларды шығаратын еуропалық Ericsson, Nokia компаниялары Ресейде жұмысын тоқтатқан еді. Ал қытайлық Huawei қондырғылар тасымалы бойынша жаңа келісімдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған.Ал Қазақстан 5G-ге көшуге дайындалып жатыр. Осы аптада үкімет осы бағыт бойынша жұмысты пысықтады. Былтыр астана мен Алматы, Шымкент қалаларында жеке операторларға «бес джи» технологияларын сынауға рұқсат етілген еді. Әлихан Смайылов механизмдерді қайта қарап, жаңартылған ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды. Мобильді байланыстың бесінші кезеңіне қашан өтетініміз әзірге белгісіз. 

Қосылған күннің өзінде жылдамдықпен бірге тариф те ұшатын шығар?! Қазірдің өзінде абоненттерден интернет сапасына қатысты шағым көп. Бұрын бір айға жететін мегабайттар мезгілінен бұрын таусылып қалады. Ауыл түгіл, бас қаланың біраз ауданында «байланыс аясынан тыс жерде» жүретініміз тағы бар...«5 G» қосылатынына қуанып, интернет игілігін көргіміз келеді, әрине. Бірақ неге екені, пандемия кезінде оқушылардың онлайн сабаққа қатысу үшін ағашқа, не қора төбесіне шығып кеткені еске түсе береді...Оңғар Алпысбайұлының материалы. 

Алиман Мырзатай медиа саласында жұмыс істейді. Барлық шаруасы интернетке байланған. Ақпарат іздеу, сурет, видео жүктеу міндетіне кіреді. Тіпті, тапсырмалар да осы әлеуметтік желі арқылы беріледі. Алайда, тура бұрынғы тарифім бүгін түкке жетпейтін болды дейді ол.

Алиман Мырзатай, қала тұрғыны:

Мен 267 теңге 1 айға тариф салатынмын. Сол бізге 1 айға жететін еді. Тіпті, артылатын. Қазір енді соңғы 3 ай болды. 15 күнге жетпейді біздің тарифіміз. Уже күндіз бізге хабарлама келеді. Сіздің осы 1 күнге берілген тарифіңіз бітті деп. Содан кейін ғаламторымыз баяулап қалады.

Интернетті қайта қосу үшін нөміріме жай ғана ақша салсам болмайды. Міндетті түрде басқа пакет сатып алуым керек немесе сол тарифімді қайта қосуым қажет дейді кейіпкеріміз.

Алиман Мырзатай, қала тұрғыны:

Сонда 15 күнге жетпей тұр ғой. Сондықтан мен қайтадан ақша салып, сол тарифті қайтадан қосамын. Сол уақытта маған 1 айға 2670 теңге жетпейді. Сонда 5 мыңның сыртында ақша кетіп тұр маған тариф қосуыма.

Ал, байланыс операторлары бұрын қосылған тарифтерге қызмет көлемі өзгертілмейді. Ұялы телефон арқылы сөйлесу және интернетті пайдалану соңғы жылдары еселеп артты дейді.

Назерке Қизашова, Tele2 компаниясының өкілі:

Тарифтердің 2 түрі бар. Мұрағатты архив деп айтамыз. Және қазіргі кездегі қосылатын тарифтер. Мұрағатты тарифтерді бұрыннан бері қосылған абоненттер қолдана бере алады. Оның өзінің бағалары және қызметтері бар.

Қазір әлеуметтік желілер де, смартфондар да жыл санап жетілдіріліп жатыр. Кез келген адам сапасы жоғары контент түсіріп интернетке жүктей алады. Сәйкесінше оны жүктеген адам да, көрген адам да бұрынғыға қарағанда көбірек трафик жұмсайды.

Назерке Қизашова, Tele2 компаниясының өкілі:

720 HD сапасындағы видеоны 1 минут көру үшін 60 Мегабайт жұмсалады. Ал 1080 сапада қарайтын болсаңыз 130 мегабайт.

Байланыс операторларының зерттеуі бойынша Қазақстанда интернетті пайдалану көлемі жыл сайын 30-40 пайызға артып жатыр. Сәйкесінше бұрынғы көрсеткіштермен есептелген тарифтертер жеткіліксіз болып қалады.

Максим Оларь, Kcell компаниясының өкілі:

Біз арнайы зерттеу жүргізіп, халық нені көбірек тұтынатынын анықтаймыз. Жаңа тарифтерді сол ақпаратқа сүйене отырып құрамыз. Ал ескі тарифтерді өзгертерде 1 ай бұрын абонентке хабарлама жібереміз. Көбі бұрынғы тарифіміз қымбаттады деп шағымданады. Біз оның бағасын ғана емес, ай сайын берілетін СМС, тегін минуттар мен мегабайттардың да көлемін өсіреміз. Яғни, тұтынушы бір тарифті айына 2 рет қоспай, сәл қымбатырақ төлеу арқылы толық 1 ай пайдаланғанын қалаймыз.

Енді байланыстың бағасына тереңірек тоқталайық. Мемлекет тарапынан бағаға реттеу жүргізілмейді. Операторлар нарық заңына сәйкес төлем көлемін өздері бекітеді.

Иә, сапаға қатысты ауыл-аймақ тұрмақ ірі қалаларда да сын көп. Оған министрліктің мына ақпараты дәлел.

Ерлан Дүйсен, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқармасының басшысы:

Сапасын бақылаймыз. 2022 жылдың басынан бері 206 тексеріс жүргізілді. Оның ішінде 49 млнға жуық айыппұл салынған болатын.

Алайда, операторлар аз ғана айыппұлды қиындықсыз төлеп әдеттегі жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан салынатын айыппұл көлемін 10 есе арттыру жоспарланып отыр. Министрліктің бұл ұсынысы Парламенттің қарауында жатыр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазір Қазақстан халқының саны 19 млннан асты. Ал жер көлемі бойынша әлемде 9 орындамыз. 1 шаршы шақырымға шамамен 7 адамнан келеді. Қарапайым логика. Әлгі 1 шаршы шақырым жерді ұялы байланыспен қамту үшін сол 7 адамның төлемі пайдаланылады. Оның үстіне бәрі 1 оператордың емес бірі Билайн, екіншісі Ксел, тағы бірі теле2 нің қызметін пайдалануы мүмкін. Бұл орташа есеп. Біз байланыс тартылмаған аумақтар мен телефон ұстамайтын адамдарды, балаларды есепке алып отырған жоқпыз. Тура осы принциппен әлем бойынша халқы ең тығыз орналасқан Монаконы есептесек. 1 шаршы шақырымға 18 мың 700 ге жуық адамнан келеді. Яғни шағын ғана аумаққа байланыс орнату үшін 18 мың 700 адамның төлемі пайдаланылады.

Сарапшының пікірінше бізде ұялы байланыспен қамтудың өзіндік құны қымбат. Сондықтан бағаны төмен ұстап тұру мүмкін емес.

Нүркен Халықберген, сарапшы:

Қазақстандық байланыс операторларының табысы теңгемен есептеледі. Ал қызмет көрсету үшін қажетті құрылғылардың барлығын доллармен сатып алады. Себебі ондай технологиялық құрылғылар бізде өндірілмейді. Сапалы байланысты қамтамасыз етіп тұру үшін жыл сайын жаңа сападағы құрылғылар мен оның бағдарламаларын сатып алып тұру керек.

Мобильді байланыс пен интернеттің қажеттілігі әсіресе қашықтан жұмыс істеу және онлайн оқу форматы кезінде күрт артты. Шалғайдағы ауылдардың барлығына дерлік байланыспен қамту қажеттілігі туды.

Нүркен Халықберген, сарапшы:

Бір ауылда 50-40 ғана отбасы тұруы мүмкін. Оларға байланыс тарту үшін станция орнату керек. Ондай базалық станцияның құны кемі 100 әйтпесе 200 мың доллардан асады. Оның үстіне сол базалық станцияға орталықтан сым тарту қажет. Ол да қыруар шығын.

Ал нарық заңдылығы бағаның бассыз кетуіне жол бермей тұр. Статистикаға сүйенсек әлем елдерімен салыстырғанда біздегі баға біршама жақсы.

Ерлан Дүйсен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқармасының басшысы:

Халықаралық электр байланыс ұйымының есебіне сәйкес ҚР 37 орын алады. Жалпы байланыс қызметіне қолжетімділік бойынша. Ал оның ішінде ұялы байланыс пен тарифтердің қолжетімділігі бойынша 7 орынды алады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Дегенмен, мұндай зерттеу жүргізіліп, рейтинг түзілгенде қолжетімділік пен баға ғана зерттеледі. Халықтың орташа табыс көлемі ескерусіз қалып жатады. Ай сайынғы табыстың қанша пайызы телефоныңызға тариф қосуға кететіні есептелсе тізімдегі орнымыз төмен түсіп кетуі әбден мүмкін.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу