Ақтөбелік мұнайшылардың еңбекақысы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік мұнайшылардың еңбекақысы артады

14.05.2022

Ақтөбе облысын дамытуға биыл 150 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат жол жөндеу жұмыстарына, газ тасымалдау жүйесін дамытуға, денсаулық саласына және агроөнеркәсіп кешені мен тұрғын үй құрылысына бағытталады.

Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыста 30 ауқымды жоба жүзеге асатынын айтты. 

Үкімет басшысы сапарын Батыс-2 ауданында ашылған жеке гимназиядан бастады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да осындай жеке меншік білім ордаларын салу арқылы үш ауысымдылық мәселесін шешуге болады. Биыл жыл аяғына дейін 11 мектеп тапсырылады. Бұдан соң Премьер-Министр бастаған үкімет мүшелері көлік-логистикалық орталығының жұмысын көрді. 2016 жылы 2 миллиард теңгеге салынған нысан 14 мың тоннаға дейін тауар сақтауға қауқарлы.

Нұрлан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

– Сауда желілеріне делдалсыз азық-түлік алуға мүмкіндік береді. Орталық болмағанда, олар делдалдардан алып, өз желілілерінде сатты. Қазіргі таңда 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 16-сы бойынша облыста баға орташа деңгейден төмен.

Облыста мұнай өңдеу, азық-түлік өнімдері өндірісі белсенді түрде дамып келеді. Құрылыс қарқыны да жоғары. Еліміздегі төрт агломерацияның біріне айналатын Ақтөбе қаласында биылдың өзінде 1 млн 250 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Бұл салада шешуін таппаған мәселе де баршылық. Жыл сайын мыңдаған пәтер мен жеке үй құрылысына арналған жер телімдері берілгенімен, кезек азаяр емес. Ал жол мәселесі шешілуге жақын.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

117 көше, асфальт жамылғысын толық қалпына келтірдік. 100-ден астам көше биылғы жоспарымызда тұр. Толықтай осы мәселені биыл аяқтасақ, 90 пайызға жеткізетін боалмыз.

Үкімет басшысы Ақтөбе-Қандыағаш бағытындағы жол құрылысымен де танысты. Төрт жолақты магистральдің бір бөлігі алдағы күзге дейін тапсырылуы тиіс. Үкімет басшысы жаңадан ашылған қала іргесіндегі өндірістің аймақтың да жұмысын көрді. Бұл жерде қазірдің өзінде қыш тақтайшаларын шығаратын зауыт табысты жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорын жылына 5 млн шаршы метр өнім шығарып, бір бөлігін экспортқа жіберіп отыр.

Әлихан смайлов, Премьем-Министр:

Тұрақты жұмыс орындарын құруымыз керек. Экономикамызды әртараптандыруымыз керек. Сондықтан әлгі айтылған 30 инвестициялық жобаларды уақытында іске қосып, жаңа жұмыс орнын құру қажет.

Ақтөбе қаласындағы магистралды газ құбырының үшінші желісінің құрылысын қаржыландырылады. Премьер-Министр өңірдегі мұнай-газ қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру қажеттігін айтты. Ең басты талаптың бірі –  жоспарланған инвестициялық жобалар сапалы іске асуы тиіс.

Жақсыбек Кемал 

Хабарламаларға жазылу