Түркістан облысының Төле би ауданында жергілікті биліктің көзбояушылық әрекетінен 17 құс фермасы жабылып қалды. Ал, жұмыс істеп жатқандары судан таршылық көріп отыр. Жүйе дұрыс жүргізілмегендіктен олар фермадағы он мыңдаған тауыққа суды шелектеп тасуға мәжбүр.
Жолай Қожатаев ұлы екеуі күнде екі мезгіл суды осылай шелекпен жоғарыға тасып құяды. 4 мыңнан астам құстың шөлін басуға және қораны салқындатуға 2 тоннадан астам су кетеді. Фермада автоматты жүйе бола тұра қол күшімен су тасып жүргендеріне жылға жуықтады.
Жолай Қожатаев, кәсіпкер:
Тауық етін, жұмыртақаны шетелден әкелеміз. Өзімізге кішкене жәрдемдесу үшін бар нәрсені істемейді. Тендер ойнаған мына жерге су әкеледі деп. Оны басқа жерге құртып жіберді бұлар.
Етті тауық өсіретін кешен осыдан бес жыл бұрын іске қосылған. Әкімдік пилотты жобаның мақтауын келістіріп, кәсіпкерлерді тауық өсіруге қызықтырған. Олар несие алып, қора салған. Фермаға қажет құрал жабдықтар алған. Алайда инфрақұрылымын жеткізіп беруді мойнына алған атқамінерлер бұл істі аяқсыз қалдырды.
Қазір кәсіпкерлердің қорасымен қоса қалтасы да босап қалған. Өйткені кәсіпке сеніп алған несиелерін қайтаратын шамасы жоқ.
Дина Құттыбаева, «Ленгерқұс» өндірістік кооперативінің төрайымы:
Төленбей сотқа өтіп, мүліктері арестке қойылған. Карточкалары, зейнетақы, айлық карточкалары арестке қойып жатыр.
Кезінде тауық фермасына су бұлақ көзінен тартылған. Алайда бастау былтыр бітеліп қалды. Ал «Бизнестің жол картасы» бойынша қазылған ұңғыма мен жүйе сол күйі іске қосылмаған.
Лесбек Серікбаев, Төле би ауданы әкімінің орынбасары:
Ол жұмыстарды атқару үшін бізге қаржы керек. Мамыр айының 20-на аудандық бюджетті нақтылау жоспарланып отыр. Қажетті шығынды есептеп ұсынатын боламыз.
Әкімдік ақша керек дегенімен фермаларға су жеткізу үшін нақты қанша қаржы қажет екенін және жұмыстың қашан басталатынын әлі білмейді. Оны есептеу үшін арнайы мамандар шақыртылмақ. Оған дейін фермаларда тауыққа қойылған мына тас мүсіннен өзге ешнәрсе қалмайтын сияқты.
Ғани Қалмаханов