Президенттің өтініші бойынша шешім қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің өтініші бойынша шешім қабылданды

05.05.2022

Конституциялық кеңес Мемлекет басшысының өтініші бойынша шешім қабылдады. Кеңес мүшелерінің пікірінше ұсынылған шаралар жүргізіліп жатқан реформалардың саяси-құқықтық іргетасын қалауға арналған. Заң жобасымен Президенттің өкілеттіктері нақтыланып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі нығайтылған. Республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылау күшейтілген.

Сондай-ақ бірқатар өзгерістер биліктің заң шығарушы тармағын қайта форматтауға бағытталған. Конституциялық кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару кепілдіктері күшейтілгенін атап өтті. Өлім жазасын жою адам құқықтарын қорғау саласындағы нақты өзгеріс екені де айтылды. Кеңес өз қорытындысында жер мен табиғи ресурстардың иесі халық екені туралы норманы нақты бекіту болашақта түрлі түсініспеушілікке жол бермейді, деді.

Сондай-ақ Конституциялық кеңес Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы өтінішті де қабылдаған.

Саламат Омаш

Хабарламаларға жазылу