Ақтөбеде балаларды ұрып-соққан мекеме қызметкерлеріне қатысты іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде балаларды ұрып-соққан мекеме қызметкерлеріне қатысты іс қозғалды

03.05.2022

Бүгін мемлекет басшысы баланы кибербуллингтен қорғау туралы заңға қол қойды. Ал бірнеше күн бұрын Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мүгедек балаларды ұрып-соққаны әшкере болды. Шағым түскеннен кейін прокурорлар мекеме ішіндегі бейнебақылау камераларын тексеріп, балаларға зорлық-зомбылық жасалғанын анықтаған. Алайда, мекеме басшылығы, қызметкерлердің қатігездік жасағанын жоққа шығарып отыр. Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:
«Оқиға мына мекеме ішінде болған. Қазір бұл жерде 42 бала тәрбиеленіп жатыр. Алайда, орталық басшысы қызметкерінің зорлық-зомбылық жасағанына сенбей отыр».

Орталық директоры мекеме ішінде тазалық пен тәртіп барынша сақталатынын айтып, бізді сендіруге тырысты. Барлық бөлмеде бақылау камералары бар. Сондықтан санитарлардың балаларды ұрып-соғуы мүмкін емес, дейді.

Асылбек Мұхамбетқали, №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

Қазір айып тағып тұр ғой, баланы ұрды деп, ол жерде баланы жатқыза алмай жатыр. Кереметтей ұрып жатқанын көріп жатқан жоқпын. Балалар бізде психо-неврологический балалар. Бұл жерде 5 жастан 18-ге дейінгі балалар.

Орталықта негізінен туа бітті сал ауруына шалдыққан, даун синдромымен ауыратын балалар тәрбиеленеді. Оларға 60-тан аса маман қызмет көрсетеді. Балаларға зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы прокуратураға кім хабарлағаны айтылмады. Белгілісі – мұндай әрекеттер бірнеше мәрте қайталанған.

Андос Әбіл, Астана ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры:
«Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты ұрып-соғу, басқа да әрекеттер болғаны анықталды. Қазіргі кезде анықталған факт бойынша аудан прокуратурасымен ымен ҚК 110 бабы, 2 бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды».

Прокурорлар балаларды ұрып-соққан қызметкерлердің саны мен басқа да деректерді тергеу құпиялығына байланысты жариялаған жоқ. Алайда, қазір мекеме қызметкерлері түгелдей жұмыс орнында жүр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу