Басты Жаңалықтар Санкциялардың салқынын күзге таман сеземіз – сарапшы

Санкциялардың салқынын күзге таман сеземіз – сарапшы

Қазақстан құрылысшылар одағының жетекшісі Талғат Ерғалиев құрылыс материалдары нарығындағы тұрақсыздық 2024-2025 жылға қарай баспана тапшылығына алып келуі мүмкін дейді. Осы күздің өзінде пәтер бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Импортқа тәуелділіктің салдары бұл. Құрылыс түгілі, азық-түліктің де басым бөлігін сырттан тасимыз. Тіпті, шекерді де шеттен әкелетін елміз. Үкімет «импортты алмастыру» бойынша бағдарлама әзірлеп жатыр екен. 

Шекерге дейін шеттен тасимыз. Шекеміз шылқып өмір сүре алмайтынымыз да содан. Қазақстандықтар жылына 532 мың тонна қант тұтынса, соның 60 пайызы сырттан келеді. Өзімізде өндірілетін 40 пайызын да таза «отандық» деп айтуға келмейді. Шикізаттың 93 пайызын сырттан аламыз. Ел аумағында қант қызылшасын өсіру тиімсіз. Суармалы алқаптарда су тапшы. Оның үстіне бізде еңбек күші де қымбат. Бірақ тағы бір жолы бар. Мәселен, талдықорғандық кәсіпкер Алтынбек Абатов шекерді дәстүрлі қант қызылшасынан емес, қамыс құрағынан өндіріп отыр.

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:

Өңдеу жағынан ерекшелігі бар, құрамында ешқандай өзгешелік жоқ.

Әдетте қант қызылшасының 1 тоннасынан 120 келі ғана қант өндіруге болады. Ал қамыс құрағының бір тоннасынан 900 келі қант шығады. Алайда бұл шикізат та бізде жоқ. Сонау Бразилия мен Мексикадан келеді.

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:

Логистикасы 3 есе қымбаттап кетті былтырғыға қарағанда. Бұны жаңағы теңізбен жүргенде қазіргі мына әлемдегі жағдайға күзетке алады екен.

Жалпы, ішкі нарықты азық-түліктің 29 түрі бойынша ғана отандық өндіріспен қамтып отырмыз. Биыл 33 жоба жүзеге асуы тиіс. Оның ішінде ет комбинаты, сүт зауыты және бау-бақша, құс фабрикасын салу жоспарланған. Осылайша алдағы үш жылда тұрғындар тек елдегі құс етін тұтынады. Ал қант өндірісін 7 есе арттыру жоспарланған.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

2025 жылдың соңына дейін 24 ет комбинатын іске қосу 8,2 мың Га алаңда 22 бақ салу, 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу, 23 құс фабрикасын салу және кеңейту бойынша 2 жоба және 1 қант зауытын салу жоспарлануда.

Иә, «ішкі нарықты отандық тауарлармен жабу керек» деп жылда айтылады. Бірақ жоспар жүзеге аспай қалады.

Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес 2021 жылы біз 41 млрд 100 млн доллардың өнімін сырттан әкеліппіз. Басым бөлігі азық-түлік, киім-кешек, электронды аппараттар, көлік, қосалқы бөлшектер және тағы басқалары. Сыртқа сатқанымыз да аз емес. 60 млрд 300 млн доллардың өнімін экспорттапыз. Бірақ, біздің шекара асыратынымыз шикізат қана десе болады. Көп бөлігі мұнай, алтын, күміс және тағы да басқа пайдалы қазбалардың еншісінде.

Жұмабек Сарабек, саясаттанушы:

Қазақстан экономикалық тұрғыда Ресейге тым тәуелді. Мысалы, импорт бойынша болсын. Ресей экономикасында болып жатқан оқиғалар бізге бір сезімтал түрде әсер етіп жатыр. Яғни, біз алдағы уақытта экономикалық егемендігімізді де шыңдауымыз керек.

Батыс елдерінен де көрші ел арқылы тауар жеткізу қиындап кетті. Қазір баламалы жолдарын іздеп жатырмыз. Алайда, жаңа логистика тауардың бағасына әсер ететіні анық. Сондықтан қазір үкімет импортты алмастырудың бағдарламасын әзірлеп жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды.

Өңдеу өнеркәсібінде 1,7 трлн теңгенің 165 жобасы жүзеге асырылымақ. Мәселен, пропилен, автомобиль шиналары, алтын өндіру фабрикасы мен мұнай өңдейтін зауыттың құрылысы биыл басталады. Жалпы, машина жасау саласында 21, химия өнеркәсібінде 18, құрылыс материалдарына қатысты 24 жоба қарастырылған.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Жалпы керамикалық плиталар, автоклавты газоблоктар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауарлар бойынша импортты толықтай алмастыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, елімізде бұрын-соңды өндірілмеген санфаянс, бөлмеаралық есіктер, лакталған ағаш-жаңқалы тақталар, еден жабындары сияқты тауарлардың өндірісі іске қосылатын болады.

Елдегі өндірісті арттыруға мынадай да мүмкіндік бар. Қазір Ресейлік компаниялар мен кәсіпорындар санкциялардан бас сауғалап, біздің нарықтан пана іздеп жүр. Кәсібін біздің елде жалғастыруды жөн санағандардың бірі – мотоцикл шығаратын Урал компаниясы. Петропавл қаласында құрастыру алаңын орналастыру үшін келіссөздерді бастап кеткен.

Қосалқы бөлшектері бұрынғыдай Ресейдегі зауытта шығады. Бірақ бізде құрастырылып, «Қазақстанда жасалған» таңбасымен нарыққа жөнелтіледі. Осы іспетті компаниялардың келуі тиімді әрине. Бюджетке салық түседі, жаңа жұмыс орындары ашылады. Тек батыстың «салқыны» бізге де тимесе, болғаны.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Бақылауды күшейтуіміз керек. Өйткені оның ішінде санкция салынған, қара тізімге ілінген кәсіпорын да бар немесе осы уақытқа дейін ешқандай санкциясыз жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар бар.

Жаңа кәсіпорындарды тартудың тағы бір қаупі: қазір жұмыс істеп жатқан отандық кәсіпкерлер бұрынғыдан да күрделі бәсекеге тап болады.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Бәсекелестік орта ол кім нарыққа тиімді баға ұсынады тиімді кәсіпорындық баға саясатын ұсынатын болса өнімді мол шығаратын болса сол кәсіпорынның билеушісіне айналатыны белгілі. Сол үшін біздің кәсіпрорындар да оған дайын болу керек. Әрине ондай тәуекел бар. Біз осы уақытқа дейін қалыптастырған кәсіпорындарды біз банкроттыққа ұшыратып алуымыз мүмкін.

Қазір әзірленіп жатқан 2025 жылға дейінгі импортты алмастыру бағдарламасы осы қатерлерді ескере отырып қайта пысықталады. Кейін үкіметтің қарауына қайта енгізілмек. Биліктің тығырыққа тірелгенде ғана қимылдайтыны қынжылтады, әрине. Бірақ тым болмаса, осы дағдарыстың «арқасында» өндірісті күшейтіп аламыз ба деген үміт бар.

Оңғар Алпысбайұлы

Бөлісу