Үйіліп жатқан сиырлардың өлексесі тұрғындардың зәресін ұшырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үйіліп жатқан сиырлардың өлексесі тұрғындардың зәресін ұшырды

11.04.2022

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданының Берсиев ауылдық округінде түсірілгені белгілі болды. Қаратал ауылы маңындағы өлексе төгетін жерге ауыл тұрғындары қыс бойы өлген малдарын апарып тастай берген. Қар еріген кезде әр жерде теңкиіп-теңкиіп жатқан сиырларды көргендер шошып қалған. Олар өлекседен ауру-сырқау тарай ма деп қорқатындарын айтты. Алайда ветеринария саласының мамандары алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Себебі қыс бойы қатып жатқан өлекседен инфекция тарамайды, оның үстіне бүгін барлығы жойылып жатыр екен.

Иса Базаров, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
Бірен-саран өлген мал қардың астында қалып қойып, қар ерігенде шығып жатыр. Иелері ветеринарлық ұйымға айтпай, өз беттерімен тастай берген. Бүгінгі күні санитарлық тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

Ал Ақтөбе қаласының маңындағы елдімекендерде 130-дан астам қой мен 26 бас сиырдан «бруцеллез» анықталды. Мамандар бұл көрсеткіш өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда төмен екенін айтып, жұбатып отыр. Ауру анықталған малдың барлығы облыс орталығындағы 2 ет комбинатына өткізілген. Ол жерде еттің адам денсаулығына зияны жоғы анықталған соң ғана сойылады. Ал иелеріне мал құнының 30% мемлекет, қалғанын комбинат төлейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу