Биыл Ақтөбе облысында 92 жоба іске асырылуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Ақтөбе облысында 92 жоба іске асырылуы тиіс

31.01.2022

Биыл Ақтөбе облысында 92 жоба іске асырылуы тиіс. Кешенді жоспарға сай энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеуге арналған тау-кен байыту кешенін салу көзделіп отыр.Сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың қатысуымен ерекше индустриалды аймақ құрылады.Ауылдағы ағайын да ұмыт қалмайды. Жақсыбек Кемал рет-ретімен баяндасын.

Ақтөбе облысын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға 1,7 трлн теңге қарастырылған. Оның 343 млрдтан астамы республикалық, 165,6 миллиарды жергілікті бюджеттен бөлінеді. Ал, 1,2 трлн теңге жеке инвестициялар. Көптеген кәсіпорындарды экспортқа бағыттау жоспарланған. Бұдан да өзге өзекті мәселелерге басымдық берілмек. Әсіресе, жол құрылысына ерекше көңіл бөлінеді. Жобаға сай «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырыныңүшінші желісін салу, 1300 шақырымнан астам автомобиль жолын жаңғырту көзделіпотыр. Ауыл халқы да ұмыт қалмайды. 85 елді мекенге газ желісі тартылады. Көгілдір отынның келуін күтіп отырған ауылдын бірі – Әйтеке би ауданының Ақтасты ауылы. Мұнда 500-ден аса тұрғын бар. Ауыл әкімінің айтуынша, сырттан көшіп келіп, мал өсіруге ынталы жастар көбейген.

Дәурен Убайдуллин, Ақтасты ауылдық округінің әкімі: 
Алдағы жылдары жақсы жобалар бар іске асатын. Сырт жақтардан халық көшіріп әкелеміздеген жоспар да бар. Үлкен-үлкен жобалар жүзеге асады деп күтілуде. 2021 жылы аулымызға таза ауыз су құбыры тартылды. Қазір халық игілігін көріп отыр.

18 ауылда денсаулық сақтау нысандары бой көтереді.224 мектеп жаңғыртылып, 16 орталық салынады. Аймақты дамыту бағдарламасы Ақтөбе қаласының еліміздің батыс бөлігіндегі ең ірі мегаполиске айналуын тездетеді. Күні кеше облыс орталығының 2050 жылға дейінгі бас жоспарының 2 кезеңі таныстырылды.

Любовь Нысанбаева, жобалаушы компания директоры: 
Ақтөбе үлкен мегаполиске айналады. Біз жаңа әуежайдың құрылысын да жоспарлап отырмыз.Оның аумағы 1 300 гектар болады. Халықаралық деңгейдегі үлкен хабқа айналуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғын үй массивтерінің ыңғайлы орналасуына да ерекше мән беріледі.
Жақсыбек Кемал, тілші: 
 Жаңа жобада өңір үшін өзекті мәселе болып келген су тасқынын болдырмау жайы да қарастырылған. Ең бастысы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына баса мән берілген. Облыста 39 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу