Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланды

28.01.2022

Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланды. Партияның кезектен тыс 21-ші съезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын «нұротандықтар» қолдап, дауыс берді. Дегенмен, Президент төраға ретінде ұзақ уақыт отыруға мүдделі емес екенін жеткізді. Әрі партияны түбегейлі қайта құру керек, деді.

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі өтті

Онлайн өткен отырыста алдымен 22 жыл бұрын құрылған партияның төрағасы болған Нұрсұлтан Назарбаев сөйледі. Бұл съездің тарихи рөлін атап өтті. Алғашында «Отан» болған, кейін атауы өзгерген партия үшін, расымен, ерекше отырыс. Өйткені тұңғыш рет төраға ауысты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

Соңғы бір жарым жыл ішінде партияда күрделі жүйелік өзгеріс болды. Соның соңғы кезеңі партия басқаруды толығымен қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру деп білемін. Партияны Президент сайлауында үміткер ретінде ұсынылған әрі қолдау тапқан адам басқаруы тиіс. Бүгіндері Қазақстан Президентінің жетекшілігімен ірі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асып жатыр. «Nur Otan» партиясы қажетті ресурстарға ие болғандықтан, олардың орындалуы үшін сенімді көмекшісі болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау көрсеткен партия мүшелеріне алғысын айтты. Дегенмен, төраға қызметінде көп отырмауы мүмкін екенін жеткізді. Өйткені Мемлекет басшысы партиялар мен қозғалыстардың қызметінен алшақ болуы тиіс. Мұны саяси реформалардың кешенді жоспарына да енгізуге мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жәйт Президенттің кез-келген партия мен қозғалыстың қызметінен алшақ болуды талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім, осы жылдың соңына қарай менің «Nur Otan»-ға төрағалық етуім қаншалықты орынды екенін қайта қарауымыз мүмкін.

Қаралатын мәселе көп. Қаңтардағы қайғылы оқиғалар партия мүшелерінің беделі жоғын әрі елдің проблемаларын шешуге құлықсыз екенін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге қатысуын күшейту қажет. Мәслихат депутатының төсбелгісін өңірлік элитаға қатысын білдіретін алдамшы атрибут немесе жоғары кабинеттерге рұқсаттама деп қарастырмау керек. Бұл оның халық атынан сайланғанын және халық мүддесі үшін жұмыс істеуі қажеттігінің айғағы. Депутаттар осы түбегейлі айырмашылықты нақты түсінуі керек. Әзірге біздің депутаттардың азаматтар арасында лайықты беделі жоқ.

Президент қоғамдық қабылдаулардың да жұмысын сынға алды. Ел бойынша партияның 238 қоғамдық қабылдауы бар. Азаматтардың өтініші мен мұң-мұқтажын біліп отыру – олардың басты міндеті. Бірақ қаңтар қасіреті әлеуметтік-экономикалық ахуалдың әлсіз, оның ішінде жастардың жағдайы мүшкіл екенін ашып берді. Бұған жергілікті атқарушы билік те, тұтастай мемлекеттік басқару жүйесі де кінәлі, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Jas Otan»-ның нақты жұмыс үшін үлкен мүмкіндіктері бар. Ел бойынша жастар қанатының 100 мыңнан астам мүшесі бар. Бірақ осы ресурс дұрыс пайдаланылмады. Бізге қалаларда жұмыссыз жүрген жастар мәселесін реттеу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев «қаңтар қасіреті» Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауыр сынақ болғанын айтты. Бірақ бірлік пен саналы азаматтардың арқасында мемлекеттілік сақталып қалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміз үшін сын-сағатта құрылған «Қазақстан халқына» қорына қаржы құйған кәсіпкерлерге алғысын айтты. Дегенмен, қайырымдылық шараға ат салыспай отырған бизнесмен әлі де аз емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олигополияның бөлігі, тіпті, оның бейнесі болып табылатын бизнес өкілдері Мемлекет басшысы ұсынған қайырымдылық шарасына қатысуға асықпай отыр. Бұл не? Сараңдық па, салақтық па? Әлде менсінбеушілік пе? Қалай болғанда да бұл сауалға жауап алу үшін мемлекеттің толық өкілеттігі бар. Өз тарапымнан, ірі бизнестің қайырымдылық ісін реттейтін арнайы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын.

Президент қаңтар оқиғалары кезіндегі кінәлілердің жауапқа тартылуын әрі тергеудің әділ өтуін бақылауда ұстайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас Прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз.

Өткеннен сабақ алып, мұндай қасіретке жол бермеуіміз керек, - деді Президент. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің қателігін ғана емес, атқарған істерін де ұмытпауды жөн санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын. Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр.

Өткеннен бүгінге ойыссақ. Жаңа төраға «Nur Otan»-ды толығымен жаңартпақ. Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын сылап-сипап қоймай, түбегейлі қайта құру керек, дейді. Басымдықтарға да тоқталды. Партияға азаматтардың сеніміне ие әртүрлі қоғамдық-саяси топтардан, нағыз көшбасшы адамдарды тарту керек. Сын сағатта алпауыт адами капиталы бар партия толық іске араласпады. Сырттай бейтарап бақылап отыру енді мүмкін болмауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екіншіден, партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы тиіс. Мемлекеттік аппараттың міндеті бөлек, ал партияныкы мүлде басқа. «Nur Otan», ең алдымен, идеологиялық және кадрлық жұмыспен айналысуы тиіс. Қажет болғанда мемлекеттік аппаратың жұмысын бағыттап отыруы керек.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Үкімет «партия сайлауалды бағдарламасы бойынша жоспарларын 74 пайыз орындады» деп есеп берген. Бірақ Президент бұл есептің іс жүзінде де солай екеніне күмәнмен қарады. Құрғақ әрі көп уәде бергеннен гөрі аз болса да, нақты жұмыс атқарғанды құп көретінін жеткізді. Сондықтан сайлау алдындағы уәделердің қаншалықты орындалғанын толық тексеруді тапсырды. Партияның ұйымдастырушы құрылымы да өзгереді. Төрағаның бірінші орынбасары лауазымының орнына атқарушы хатшы қызметі ұсынылды. Айтпақшы, бұған дейін бірінші орынбасар болып келген Бауыржан Байбек партияның жаңарған саяси кеңесінің құрамында жоқ. Жалпы, партияның өкілетті органы 55 пайызға жаңарған. Әйелдер мен жастар саны біршама артқан екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, «Nur Otan» мемлекетшілдер партиясы болуы керек. Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс. Партияның барлық бастамалары елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналғанын ұмытпайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу