Желіде танылған жұлдыздар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Желіде танылған жұлдыздар

24.12.2021

Биыл әлеуметтік желі арқылы бағы жанып, елдің ыстық ықыласына бөленген жандар жетерлік. Бірі өнерімен дараланса, енді бірі өжет мінезі, қайырымды ісімен дүйім жұртқа танылды. Виртуалды әлем арқылы топ жарып шыққан жаңа есімдерді тілшіміз Әділбек Серікұлы тізбектеп берсін.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Дәл осы бейнежазбадан кейін Гүлмайдан Серікбайдың өмірі күрт өзгерді. Оның әнін әлеуметтік желіде миллиондаған адам тамашалап, талантына тәнті болды. Кеше ғана құрылыста жүрген қазақ қызы өнерімен елге танылып, енді үлкен сахнада ән шырқайды.

Гүлмайданның елге танылуына өзінің құрбысы себепкер болған. Құрылыстағы әріптесінің керемет даусына тамсанып, әнін желіге жүктеген. Сол бейнежазбадан кейін кейіпкеріміздің бағы жанды. Қазір сылақшы қыз қалағын микрофонға ауыстырып, кәсіби әнші ретінде халықаралық ән байқауларына қатысуды көздеуде.

Гүлмайдан Серікбай, әнші:

Интершум

Бұл «қазақстандық Akon» атанған Олжас Молдабеков. Атақты америкалық әншінің әндерін нақышына келтіріп орындаған Олжастың мамандығы - қарапайым электрик. Талантты жігітті вахтадағы бірге жұмыс істеген әріптестері әлем желі арқылы елгі танытты.

Олжас Молдабеков, Қазақстандық «Аkon»:

Қазақтың Akon-і болып танылғаныма ешқандай өзгеріс алып келген жоқ. Тек қана кісілер танып жатыр көшеде. Бұйырса әнші болып шығуға ниетіміз бар. Өнер жолын жалғастырып кету ойымызда бар.

Алматылық 11 сынып оқушысы Аружан тағдырдың сынағына мойымаған қайсар қыз. Сүйріктей сұлу бір аяғынан айрылғанымен, өмірге ғашық, қоғамда белсенді жастың бірі. Өнерді жанына серік еткен ол мың бұрала үнді биін билеп, ән шырқап бүгінде миллиондаған желі қолданушыларының жүрегін жаулап алды.

Аружан Рашид,  биші:

Осы өнерім бар болғандықтан неге үйде отырамын. Халыққа неге көрсетпеске деген ой келді. Менің мақсатым әнші болу, биші болу және ата-анамның үмітін ақтау.

Ғаламторда өнерімен емес, қайырымды ісімен танылған шымкенттік Құрмет Талапқазы да биыл елдің сүйікті ұлына айналды. Ол қуаңшылықтан қиналған Маңғыстау мен Қызылорда облысына көмек қолын созуға үндеу жасап, екі өңірге шөп жөнелтуге бірден-бір бастамашы болды. Жалпы сиыр жылында әлеуметтік желі арқылы жарыққа шыққан жаңа есімдердің бұл бір парасы ғана.


Хабарламаларға жазылу