Елордада борышкерлерге арналған жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада борышкерлерге арналған жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде

26.11.2021

Елордада алимент төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қала әкімдігі мен әділет департаменті бірлесіп ұйымдастырған шараға 10-нан астам жұмыс беруші компания өкілдері келді. Жұмыспен қамту орталығына тіркелген азаматтар өзіне ыңғайлы жұмыс іздеуге кірісті. «Жанұя» отбасы институтын қолдау шарасынан тілші материалы.

Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 15 мыңнан астам азамат алимент төлеуге міндеттелген. Тоғыз мыңдай ата-ана сот шешіміне сай балалары үшін қаражат аударуы тиіс. Алайда екі мыңнан астам адам оны төлеуден жалтарып жүр. Бүгінгі бос орындары жәрмеңкесіне келген Бақтияр Ханафин алты ай бұрын жұмыссыз қалған. Аспаз болып еңбек еткен ол бүгінгі шараны пайдаланып, ыңғайлы жұмыс табуға ниетті.

Бақтияр Ханафин,  қала тұрғыны:
Карантин болды, ол кезде ресторан кафелер жұмыс істеген жоқ, бұрыңғыдай айлықты ала алмадық, көбісі жан-жаққа кетті. 

Елімізде алимент төлемеген азаматтардың қарызы миллиардтап саналады. Соның кесірінен 100 мыңнан астам бала тиісті қаражатына қол жеткізе алмай келеді. Нұр-Сұлтан қаласында борышкерлердің қарызы 4 жарым миллиард теңгеге жеткен.

Азамат Бердібеков, қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары:
Ағымдағы жылы жүзден аса хаттама толтырылып, оның бәрі біздің сотпен қаралып, борышкерлердің барлығы кінәлі деп танылды. Кінәлі деп танылғандар штрафын алады, және бір тәуліктен бес тәулікке дейін қамауға алынды.

Жалпы, Нұр-Сұлтанда сегіз мыңнан астам бос жұмыс орнына ваканция жарияланған. Мыңнан астам ұжымға білікті мамандар мен қабілетті жұмысшылар қажет. Бүгінгі шарада 12 жұмыс беруші компания өкілі алпыстан астам орынға адам іздеп келді.

Ахат Маманов, жұмыс беруші:
Бізде мысалы үшін жұмыс қиын деп айта алмаймын, бірақ жауапкершіліктері биік азаматтар керек.

Жұмыс берушілер көбінесе жұмыс өтілі бар мамандарды таңдайды. Тәжірибесі жоқтар тасада қалады. Мұндай жас мамандарға жастар практикасы арқылы тәжірибе жинақтауға болады. Енді борышкерлерге арналған бос орындар жәрмеңкесі онлайн түрде жыл бойы жалғасады.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу