Аралдағы кеуіп бара жатқан көлдерге су барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралдағы кеуіп бара жатқан көлдерге су барды

15.10.2021

Қызылорда облысы, Арал ауданындағы кеуіп бара жатқан Қамбаш және Ақшатау көлдеріне қайта су құйыла бастады. Дегенмен, қуаңшылықтың салдарынан төтенше жағдай жарияланған өлкеде айдындар мен каналдардың арнасын қалпына келтіру әлі де өзекті. Аралдағы атқарылып жатқан тіршілікті тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Сырдарияны екіге бөліп тұрған бұл «Аспай» гидронысаны. Осының арқасында Аманөткелдің тұсында дарияның деңгейі едәуір көтеріліп, Қамбаш көлдер жүйесіне қайта су барды.
Қосжар Қамбаш көліне ең жақын орналасқан ауыл. Мұндағы жұрт үш жылдан бері суы тартылып бара жатқан айдыннан күдерін үзе бастаған еді. Бірақ, дариядан Бұрмақұлақ тоспасы салынғалы, жағдай оңалды. Кіші Аралға кеткен балықшылар қайта ауылға оралды. Бүгінде көлге өзеннен 60 мың текше метр су құйылып, тіршілік қалпына келе бастады.
Қылышбек Байбосынов, Қосжар ауылының тұрғыны:
Кеуіп қалған көлдердің ұлтандарын су басты. Қамбаш көлінің суы да осы тұрғанда көтеріліп, деңгейіне келе жатыр. Қазір енді балықшылар осы балығын аулап, көлде су жақсы кеп жатыр. 
Дария деңгейі көтерілген Аманөткелдің тұсынан тарайтын бірнеше канал бар. Соның бірі, Жаңақұрылыс ауылына баратын Ералы арнасы. Шалғайдағы елді мекен бұрын содан су ішкен. Биылғы қуаңшылықта судан тарыққан ауыл тұрғындары ескі каналды қайта қазып, арнасын қалыпқа келтіруді сұрайды.
Сердалы Шалбаев, Жаңақұрылыс ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Қуаңшылыққа да, кейін Жаңақұрылыстың өркендеуі үшін де Ералы каналы тиімді. Жаңақұрылыс жерінде 15 мыңдай гектар жер шабындық жерлер дайындалып, көлдер пайда болады.
Жалпы ауданда жайылымдық, шабындық жерлерге су жеткізу бұрыннан өзекті мәселе. Әсіресе, бұл қуаңшылық бүйірден қысқанда қатты сезілді. Биыл бірінші кезекте, тіршілік көзі әбден суалған Құланды, Мергенсай ауылдарында жер асты су ұңғымасы қазылып жатыр. Сондай-ақ, Сыр беткейдегі бірқатар каналдың арнасы тазартылып, су жіберілді.
Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:
Облыстан бөлінген қаржыға Бектау каналы толығымен ашылып, тазаланып, қазір су тоспасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Дарияның деңгейі бөгегеннен кейін көтерілді. Қазір 54 отметкідегі каналдар су алып жатыр.
Сондай-ақ, аудандық әкімдік тағы 8 каналды қайта қалыпқа келтіруге құжат әзірлегенімен, төтенше жағдайға бөлінген ақша түгесілген. Қосымша қаржы қажет. Егер жоба қолдау тапса, Аралда жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру мәселесі толық шешімін таппақ.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу