Қостанайда 300 гектардан астам орман өртеніп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда 300 гектардан астам орман өртеніп кетті

09.07.2021

Қостанайда орман өртеніп жатыр. От ошағы елді мекендерге жақын болғандықтан қауіптілігі бесінші санат деп белгіленді. Қостанай қаласыннан отыз шақырымдай аумақтағы жасыл желек баған басындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан тұтанған болуы ықтимал. Орманшылар оны дер кезінде байқап жедел хабар бергенімен, қатты соққан жел отты өршітіп әкеткен. Кеше желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетті. Бүгін де дауылдың екпіні бәсеңдеген жоқ . Өртті сөндіруге 200-ден астам адам мен 20 шақты техника, сондай ақ әуе техникасы жұмылдырылды. Қазір өрттің беті қайтты. Бірақ толық өшкен жоқ. Жалын қайта тұтанып кетпес үшін кезекшілік ұйымдастырылған. Тікұшақ әлі де көкті шарлап, шоқтанған тұстарына су сеуіп жүр. Алдын-ала болжам бойынша өртенген жердің аумағы 300 гектардан асады. Бірақ есептеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Ал Қарағанды облысында қауіпті деген аумақтардағы дала өрті сөндірілді. Ауқымы 50 гектардан асатын өрттің бес ошағы бақылауда. Бұған дейін тілсіз жау ырық бермеген Ұлытау ауданының Жангелді, Амангелді, Ақтасты, Шеңбер ауылдарында қазір жағдай тұрақты.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу