Күн ысығалы су айдындарында қайғылы жағдайлар жиілеп барады. Әсіресе, балалардың өлімі күн сайын тіркелуде. Жыл басынан бері 49 адам судан ажал құшса, соның 23-і бала. Күні кеше Оралда мектеп түлегі суға батып кетсе, Қызылордада соңғы үш күнде үш жасөспірім қала іргесіндегі каналға түсіп, мерт болды.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Байқадам каналының үстімен өтетін жалғыз аяқ көпірдің жағдайы сын көтермейді. Бала түгіл үлкеннің өзі арғы бетіне үреймен өтеді. Күні кеше 8 жасар жасөспірім мына тесікке түсіп кетіп, қатты ағыстан суға батып кеткен.
Каналдың арғы бетінде 10 шақты отбасы қоныс тепкен. Күнделікті жүретін жолымыз осы қыл көпір дейді тұрғындар. Әйтсе де өткел адам жүруге арналмаған. Ауыл сыртындағы үлкен көпірге баруға ерінген жұрт осы жерден өтуді әдетке айналдырған. Суға кеткен екінші сынып оқушысы 5 литрлік құтымен үйіне ауыз су әкелуге шыққан. Себебі, мұндағы жұрт тіршілік нәрін тасымалдап , күн көріп отыр. Өткелден өткен кезде баланың аяғы тайып, суға құлап кеткен. Құтқарушылар кешелі бері тұңғиықтан денесін іздестіріп жатыр.
Нұрсұлтан Ибрагимов, облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің басшысы:
Байқадам каналы күріштіктерді суаратын канал. Сондықтан, іздестіру жұмыстары 5 бағытта жүргізіліп жатыр. Судың деңгейі мен жылдамдығы үлкен болуына байланысты кедергілер туындап жатыр.
Жамбыл облысының Қаратау қаласында 13 жастағы бала суға батып кетті. Жеткіншек қатарластарымен Жартас көліне суға түскен. Шомылып жүрген төрт баланың бірі лезде ғайып болған соң, төңіректегілер көмекке жүгірген. Тұрғындардың бірі баланы судан шығарып алғашқы жәрдем көрсеткенімен, өмірін арашалап қала алмады.
Руслан Шариев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
Номер бірінші лицей мектебінің 6-шы сынып оқушысы 2008 жылғы тумасы. Шомылу барысында шомылуға рұқсат етілмеген жерде батып кеткен. Статистикаға сәйкес 2020 жылы облыста 18 адам қайтыс болған. Оның ішінде 9-ы бала.
Ал, Батыс Қазақстанда соңғы қоңырау күні мектеп түлегі суға кетіп, ажал құшты. Салатанатты шарадан кейін 17 жастағы ер бала 24 шақырым жердегі атасының ауылына барып, достарымен бірге Қалдығайты өзеніне суға түскен. Абайсызда ажал құшқан баланың денесін ауыл тұрғындары судан алып шықты. Қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргіп жатыр.
Әділбек Серікұлы