Қызылорда облысында ауыр жүк көліктері ауыл жолын тоздырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында ауыр жүк көліктері ауыл жолын тоздырды

24.05.2021

Қызылорда облысындағы Еңбекші, Қосүйеңкі ауылдарына баратын жолмен жүру бүгінде тұрғындарға қауіп туғызып отыр. Қаратаудан қиыршық тас таситын ауыр жүк көліктері мен уран өндірісінің техникалары аудандық маңыздағы автожолды әбден тоздырып жіберген.

 Әділбек Серікұлы, тілші:
Мына жол осыдан бірнеше жыл бұрын тақтайдай тегіс, түп-түзу жол болатын. Ал қазір асфалты мүжіліп, шаңы шығып жатыр. Толассыз жүрген ауыр жүк көліктерінің кесірінен жол қатынасы қиындай түсті дейді ауыл тұрғындары.

Жүк көліктері жолды ғана құртып қоймай, табиғатқа да зиянын тигізуде. Бұл аралықта уран өндіруші компанияның да техникалары жүреді. Жолдың бойында белгісіз сұйықтық бірнеше жерге төгілген. Өткір иісі қолқаны қабады.

 Жалпы ауданда цемент зауыты ашылғалы таудан қиыршық тас таситын жүк көліктерінің саны күрт артқан. Күніне жүзден аса жүк көлігі осы жолмен тыным таппай қатынайды.

Ғафур Байдеуов,  Еңбекші ауылының тұрғыны:
Жол бермейді кейде. Мынау алаңсыз күндіз-түні қатынаған кезде мүмкін емес. Шаң былай тұрсын, ана үстіндегі тастар көлігіңнің алдына келіп түседі. Цемент зауыты қалай ашылды, жол дұрыс болып жатқан жоқ.

Жолдың жай-күйін құзырлы мекеме мамандары тексерді. Кемшілік өте көп. Мәселен, талап бойынша автожолдың үстімен 8 тоннадан артық жүк тиеген көлік жүрмеуі тиіс. Бірақ, бұл шектеулерді елеп жатқан ешкім жоқ. Бұл мәселе көліктік бақылау инспекциясына да белгілі. Алайда, тек бір жолдың бойын бақылауға мүмкіндік жоқ деп отыр мамандар.

Аралбай Мінайдаров, облыстық көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:
Жалпы біздің қарамағымызда 3480 шақырым жалпы пайдаланудағы жол көлемі бар. Соны қадағалайтын өзі екі-ақ, жылжымалы көліктік бақылау бекеті бар. Оның бірі, қалада, бірі трассаның бойында жұмыс жасайды. Күнделікті оны алу мүмкіндік жоқ. 

Дегенмен, инспекция жыл басынан бері заң талаптарын бұзған ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне 10 миллион теңге айыппұл салған. Бірақ, соның өзінде тасымал легі бәсеңдер емес. Мамандардың айтуынша, ауылға баратын автожолдың жанынан өндірістік мақсаттағы жол салу мәселесі қаралуда.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу