Қызылорда облысында медицина қызметкерлері арасында коронавирус жұқтыру деректері едәуір азайған. Оған бірден-бір себеп, вакцина деп отыр мамандар. Бүгінде аймақта 14 мыңға жуық денсаулық сақтау саласының қызметкері екпе алды. Жалпы былтыр пандемия кезінде медицина қызметкерлері арасында індетке шалдыққандардың көбейіп кеткені сонша, кейбір емдеу орындары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Ал қазір ауру жұқтыру қауіпі жоғары медицина мекемелерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің 70 пайызға жуығы вакциналаудан өтті.
Әйгерім Әбдіраманова, №3 емхананың дәрігері:
Қазіргі кезде қабылдау жүргізіп жатырмын. Алдымызға ковид белгісі бар науқастар келіп жатыр. Бірақ, вакцинация алғаннан кейін өзімде ешқандай жұқтыру белгілері болған жоқ. Иммунитетім жақсы.
Батыс Қазақстанда да 65 мыңға жуық адам екпе салдырып, короновирус жұқтыру деңгейі 8 пайызға түскен. Өңірде вакцина жеткілікті. Бұған дейін әлеуметтік желіде екпенің екінші компоненті тапшы деген жазбалар тарады. Облыстың бас дәрігері мұны теріске шығарып, Спутник V уақтылы жеткізілгенін мәлімдеді. Қазір препараттың екінші компонентін 21 күн мен 90 күн аралығында алуға болады.
Арман Қалибеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Қазір 139 мың доза келіп түсті. Соның ішінде QazVak 2000 доза келіп, 1000 адам салдырды. Ресейлік және арабтық Hayat вакцинасының 45 мың дозасы жеткізілді.
Әділбек Серікұлы