Тереңөзек кентіне газ тартылса да, тұрғындар әлі көмір жағып отыр
Қызылорда облысы Тереңөзек кентіне газ тартылса да, тұрғындар әлі көмір жағып отыр. Бірер апта бұрын ғана аймақ басшысының қатысуымен ауылға газ беру рәсімі салтанатты түрде өткен болатын. Бірақ, содан бері 2 мыңнан аса үйдің 10-ға жетер жетпесі ғана көгілдір отынға қосылған.
Әділбек Серікұлы, тілші:-Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары былтыр басталып, қысқа дейін аяқталуы тиіс болатын. Тіпті, тұрғындар үйлеріне газ құбырларын тартып, пештерін орнатып та қойған. Бірақ, ауыл жұрты көгілдір отынның игілігін әлі күнге дейін көре алмай отыр.
Жалғызбасты зейнеткер Людмила Денисова қыс түспей тұрып жиған-терген ақшасына газ пешін алып, құбырын жүргізіп қойған. Бірақ, көптен күткен көгілдір отынның берілетін түрі жоқ. Ал азғантай түсірген көмірі таусылуға жақын.
Людмила Денисова, ауыл тұрғыны:-Мен облыс әкімінен бізде қашан газ берілетінін білгім келеді. Газет бетіне аймақ басшысы ауылға газ берілді депті. Бірақ, әлі күнге дейін көмір жағып отырмын. Ол да таусылуға жақын. Сатып алатын ақшам да жоқ. Енді не істерімді де білмеймін.
Елді мекендегі 2 мыңнан аса үйдің жартысынан көбі қондырғысын сайлап, газды күтіп отыр. Тіпті сонау жаздыгүні орнатқандар да бар.
Әлімжан Жайсаңбаев, ауыл тұрғыны:- Шілдеде орнатқанмын. Дайындап қойдым бәрін. Сонымен газ қосылған жоқ. Көмір жағып отқанымыз рас енді.
Берік Пірімбетов, ауыл тұрғыны:-Оған әлі үміттеніп те отырған жоқпын. Көмірмен отырмыз жасырмаймыз. Қымбат былайынша.
Шаруаның созылып кетуіне жобаның кешеуілдеп аяқталуы себеп, дейді сала басшылары.Ал көгілдір отын биылғы қыс болмайтын секілді.
Ержан Бақтияров, Сырдария аудандық түкш және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:-Енді біздің жоспарға сәйкес, мың үйге жуық осы жылға қысқы мерзімге дейін орнату жобалап отырмыз.
Үйлерге газ құбырларын өткізетін жеке кәсіпкерлер де бағаны көтеріп жіберген. Монтаждау жұмысы алдыңғы жылдары 300 мыңға бағаланса, қазір газды үйге кіргізу үшін 400 мың теңге төлеу керек.
Әділбек Серікұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
