Марал өсіретіндер мемлекеттен қолдау сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Марал өсіретіндер мемлекеттен қолдау сұрайды

02.02.2021

Марал өсіретіндер мемлекет көмегіне зәру. Өйткені қазір пайдасы мол панты өндіретін шаруашылықтар өңірлік бюджетке қарап қалды. Яғни, олар облыстық қазынада артық ақша қалса ғана қаржылай қолдау көреді. Ел бойынша бар-жоғы 10-12 мыңдай кербұғы саналса, соның 8 мыңға жуығы Шығыс Қазақстан облысында.

Осыдан 30 жыл бұрын Катон-Қарағайда 20 мың марал мен теңбіл бұғы болған. Қазір 3 мыңға әрең жетеді. Жалпы, марал өсіру – машақаты көп шаруа. Кербұғыларға, қыста ерекше күтім керек. Өткен жаздағы қуаңшылық та марал бағатындарға ауыр соқты.

Аманжол Аяғанов, маралшы:
-Қыстан алып шығу да оңай жұмыс емес. Маңайдан енді бір айыр шөп шықпай қалды, ауа райына байланысты. Мемлекеттен енді қолдау болса күтім жақсы болады. Жем-шөбі де болады, сатып алсаң да бересің.

Марал мал секілді жаюға көнбейді. Тағы тіршілік иелері еркін жүргенді қалайды.

Берік Көшербай, тілші:
-Таудағы жүздеген гектарды қоршап, саты жасау осы саладағы ең қиын шаруаның бірі. Биіктігі осындай бағаналарды орнатып, темір тор тарту үшін талай уақыт пен күш, ең бастысы қыруар қаражат керек.

Марал төрт түліктің санатына қосылмайды. Сондықтан бұл шаруашылық мемлекеттің қамқорлығынан қалыс қалған. Қазір елімізде 25 марал шаруашылығында 10-12 мыңдай ғана марал бар.

Мұратхан Садуев, марал шаруашылығының жетекшісі: 
-Үкімет субсидия берсе. Шошқа, басқа да мал шаруашылығына беріп жатыр. Ал осы маралға берілмейді. Алып тастады.

2019 жылға дейін кербұғы өсіретіндерге мемлекеттен субсидия беріліп келген. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ереже бойынша бір аналық маралға 5 мың теңгеден демеу қаржы берілетін. Енді сол ереже өзгеріп, бұл сала жергілікті бюджетке қарап қалды.

Ертай Қуанбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-Қазіргі уақытта біздің басқарма тарапынан облыстық бюджетке осы марал шаруашықтарына қосымша қаржы бөлу үшін өтінім беріліп отыр. 30 миллион теңге көлемінде субсидия сұрап отырмыз. Ол енді беріледі, берілмейтіні белгісіз.

Шаруалардың айтуынша, панты сатып, демалушыларды марал мүйізінің сорпасына түсіргеннен түсетін табыс жем-шөпте артылмайды. Осылайша, құр сүлдерін сүйреткен дімкәс сала дамығанның орнына кері кетіп барады.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу