Серікқазы Кәкібаланов: Қазақша Интернетке мемлекеттен қолдау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Серікқазы Кәкібаланов: Қазақша Интернетке мемлекеттен қолдау керек

19.09.2014
Серікқазы Кәкібаланов: Қазақша Интернетке мемлекеттен қолдау керек

Қазақ интернетінің 20 жылдығына орай, осы саланың дамуына үлес қосып жүрген  мамандарға сауал қойған едік. Солардың бірі - «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Серікқазы Кәкібаланов.

-«Қазнетке» қашан келдіңіз? Алғашқы сайтыңыз немесе жобаңыз туралы айтсаңыз...

-Жалпы, «Қазнетке» келгеніме 15 жыл болды. Нақты жүйелі түрде айналысуым «Қазақ Интернеті» қоғамдық бірлестігін ашқан 2005 жылдан басталады. Алғашқы жоба ретінде айтарым, 2006 жылы qazaq.kz доменінде қазақша пошталық сервер мен іздеу жүйесін және «Қазақ» интернет-газетін дүниеге әкелдім. Өкінішке қарай, қаржылық және техникалық мүмкіндіктер болмаған соң, жабылып қалды.

-Жиырма жылдың жетістігі бар ма?

-Өткен 20 жылда «Қазнетті» қазақша дамыта алатын мамандар мен жақсы жобалар пайда болды. Мысал ретінде, Аршат Оразов, Тимур Бектұр, Ербол Серікбай, Нұрлан Жанай және тағы басқаларды айта аламын. Facebook пен Twitter-де қазақи аудитория қалыптасты.

Ал, қазақша блогосфераға келсек, оны қалыптастырып, даму арнасына Асхат Еркімбайдың қосқан еңбегін жеке бір төбе қылып айтуға тиіспін. Сонымен қатар, 2011 жылдан бері өтіп келе жатқан блогқұрылтайлар мен 2012 жылдан бері өтіп келе жатқан «Астана интернет форумдары» ірі жетістік.

-Шешімін таппаған мәселелер туралы не айтар едіңіз...

-Қазақша Интернетке мемлекеттен қолдау керек. Өзін-өзі асырайды, деген бизнестің (оның ішінде ірі бизнес те бар) өзі мемлекеттен көмек алып, күн көріп отырғанда, Қазақ Интернеті мемлекеттік қолдаудан жетімсіремеуі тиіс.

Хабарламаларға жазылу