Шығыс аймақта марал шаруашылығы қолға алынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс аймақта марал шаруашылығы қолға алынуда

21.09.2014
Шығыс аймақта марал шаруашылығы қолға алынуда

Белсіздікке дауа іздеген жандарға емшілер марал мүйізінің сорпасы керемет ем деп кеңес берген.  Марал демекші, осы бір кербез жануардың 95 пайызы Шығыс Қазақстанда мекендейді. Өр Алтайда.

Бұл жерді білерсіз, тамсандырған тау, уылжыған уыз дүние. Кезінде одақ көлемінде осы шығыстағы марал шаруашылығы дүркіреп тұрыпты. Дегенмен, соңғы 10-15 жылда бұл сала қатты қожырап кетті. Марал басы азайды, мүйізінен алынатын пантының бағасы арзандады.

Жақында Шығыс Қазақстанға 20-ға жуық шетел мамандары барды. Шеттерінен марал өсірудің, оның мүйізінен алынатын пантыдан түрлі өнім жасаудың білікті мамандары.

Олар Өскеменде өткен маралшылардың 6-шы Дүниежүзілік конгрессіне қатысты. Араларында кербұғы өсіруден жаһанда көш бастап тұрған Жаңа Зеландия мен Канада азаматтары да бар. Сонымен, кербұғының біз біле бермейтін емдік қасиеттері қандай, марал шаруашылықтарының жайы қалай?

Қазақстандағы маралдардың  мекені – Қатон-Қарағай. Кезінде жануардың көптігінен Қатонның «белі» қайысатын. 20 мыңға жуық кербұғы болған. Соңғы 10-15 жылда олардың саны күрт кеміп, марал басы сиреп кетті.

Аймақ басшылығы осы салаға мықтап ден қоймағанда, тұқымы тұздай құрып, тұяқ та қалмас еді. Шаруашылықтар, аз да болса көптей көріп, облыстық бюджеттен субсидия ала бастады. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда 10 мың марал бар.

Ең бастысы, кербұғыларды Катон-Қарағайдан басқа да аудандар өсіре бастады. Ұлан, Күршім, Көкпекті, Зырян және Зайсан аудандарында марал шаруашылықтары ашылды. Қазір облыста 20-ға жуық шаруашылық бар. 

Берік Көшербаев, тілші:

Маралдың мәні мүйізінде тұр. Оның құрамында 25 түрлі амин қышқылы мен басқа да микроэлементтер көп. Мұны ғалымдар ерте заманда-ақ анықтап қойған. Қатпаған мүйізден алынатын пантыны осыдан 3 мың жыл бұрын тибеттік медицина кеңінен қолданған.

Пантының халықаралық нарықтағы  бағасы 1500-2000 доллар. Ал еліміздегі шаруашылықтар оны 200-250 доллардан сатуға мәжбүр. Себебі, сатып алушылардың сылтауы көп. Таптырмайтын тауарды  арзанға алғысы келеді.

Осыдан біраз жылдар бұрын, Катон-Қарағайда дайындалған пантылар тіпті 80 долларға сатылған. Түскен табыс шығынды ақтамағандықтан, көптеген шаруашлық марал басын күрт азайтуға мәжбүр болды. Өйткені, маралдар жарты жыл далада жайылғанымен, қалған 6 ай оларды бағып күту керек. Бұдан да басқа шығындар аз емес.

Берік Көшербаев, тілші:

Кербұғылар сиыр мен қой секілді өріске айдап апарып, айдап қайтуға көнбейді. Емін-еркін жайылуды қалайды. Олар иен далаға кетіп қалмас үшін және ит-құстан қорғау мақсатында бұл жайылымдарды түгелдей қоршау қажет. Мысалы, мынандай үлкен тауды биік тормен айналдыра қоршап шығу үшін біраз тер төгу керек. Ең бастысы, бұл үшін қыруар қаражат қажет.

Қазақстанда жылына 15 тоннаға жуық панты дайындалады. Бұл өнімнің 80 пайызы экспортқа кетеді. Кербұғылардың кесілген мүйіздерін Корей түбегіне түгелдей сататын шаруашылықтардың бірі - Зырян ауданында.

Ерлі-зайыпты Сергей мен Лидияның марал өсірумен айналысқандарына - 22 жыл.  Бүгінде ірілі-ұсағымен 165 бас бағып отыр. Мүйіздерді жыл сайын Кореядан келетін кәсіпкерге тапсырады.

Лидия Попова, марал шаруашылығының іс басқарушысы:

Біздің өнімнің сапасына әрдайым ең жоғары баға беріледі. Әлемдік деңгейдегі рейтингте Қазақстан пантыларына сұраныс көп. Мен Отанымызда осындай өнім шығарылатынын мақтан тұтамын. 

Қазақ жеріндегі маралдардың мүйізі дүниежүзі бойынша жоғары бағаланатыны рас. Өйткені, олар үнемі биік тауларда, шұрайлы жайылымдарда өседі. Сондықтан, пантыларда пайдалы заттар өте көп. Бірақ, еліміздегі білікті мамандар «осы пантылардың пайдасын өз халқымыз көрсе ғой», дейді.

Нұрлан Тоқтаров, облыстық марал өсірушілер одағының төрағасы:

Кореяда бір адамға жылына 100 грамм панты өнімі дайындалады. Бізде Қазақстанда бір жылда өндірілетін панты өнімінің жалпы салмағы - 15 тонна. 17 миллион адамға бөлгенде, бір адамға жылына 1 граммға да жетпейді. 

Бүгінде Қазақстанда панты қосылған биологиялық белсенді қоспалар мен дәрі жасайтын жалғыз зауыт бар. Бірақ, бұл кәсіпорынның өнімдерін сату да өзекті мәселе. Өйткені, еліміздегі халықтың дені пантының пайдасынан бейхабар.

Әйтеуір, соңғы 4-5 жылда пантымен емдейтін орталықтар саны көбейді. Қазір Шығыс Қазақстан облысында мұндай 30-ға жуық емдеу-сауықтыру орны бар.

Лидия Попова, марал шаруашылығының іс басқарушысы:

Мен біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Ол кісі осыдан біраз жылдар бұрын барлық марал шаруашылығының қасынан пантымен емдеу орталықтарын ашуды тапсырды. Бұл біз үшін өте маңызды кеңес болды. Пантының арқасында өз денсаулықтарын жақсартқысы келген адамдар саны жыл сайын өсіп келеді.

Дегенмен, қазіргі уақытта марал шаруашылықтарының табыстан гөрі шығыны көп. Өйткені, бұл кәсіппен айналысатындарға Үкіметтік деңгейде қолдау болмай тұр. Марал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жасалса, дейді мамандар.

Панты өнімдері мемлекеттік тапсырысқа енгізіліп, ауыр өндірісте жұмыс істейтін  адамдардың азық-түлік рационына қосылса, шаруашылықтар да өркендеп дамитын еді.

Бастысы, бұқараның денсаулығы жақсарады. Әрине, мұның бәрі әзірге қиял. Сондықтан, өмір бойы марал өсірумен айналысқан Сергей сияқты азаматтар маралмен қоса, сиыр бағуға да мәжбүр болып отыр. 

Сергей Попов, марал шаруашылығының жетекшісі:

Қазір міне, қосымша табыс болсын деп, сиырларды да сатып алдық. Бұл саладан қандай пайда болатынын әзірге нақты білмейміз, алдағы уақыт көрсетер.

Маралшылардың Дүниежүзілік конгресі осыдан 4 жыл бұрын Қытайда өткен. Бұл жолы осы сала мамандары Өскеменде бас қосты. 17 мемлекеттен жиналған қауым екі күн бойы марал шаруашылығын дамытудың тың жолдарын талқылап, өзара тәжірбие алмасты.

Дүйсенбай Селиханов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Осы конгрестің бізге бергені аз емес. 17 мемлекеттен келген азаматтар Қазақстанды, оның ішінде Шығыс Қазақстанды көріп кетті. Осы саланы қалай дамыту керек, не істеу қажет деген мәселелер бойынша басқа елдермен келісімшарт жасап, меморандум бекіттік. Бұл енді басталған жұмыс өзінің жалғасын табады.

Шеттен келген меймандар марал мүйізінің сорпасына түсу көп дертке шипа екенін бізге келгенде ғана білді. Жалпы, біздің мамандардың бұл бағыттағы жетістіктері аз емес.

Бұл - Өскемен қаласындағы пантымен емдеу-сауықтыру орталықтарының бірі.  Панты астауы мен арнайы «бөшкеден» бөлек, мұндай бір бөлме бар. Айналдыра балқарағайдың  тақтайларымен қапталған.

Бір қабырғаға кербұғының мүйізі ілінген, ал екіншісіне араның балы жағылған. Төмен жақта қара тұз тұр. Бөлменің іші монша сияқты ыстық болады. Адам осы жерде біраз уақыт отырса, тыныс жолдары ауруларынан айығады. Шетелдіктер мұндай әдісті өмірлерінде алғаш рет көріп, таңғалды.

Ғайни Тохтарова, емдеу орталығының директоры:

Бұрыннан бері олар тек қана мүйізді кесіп сатады екен және маралдың етін жейді екен. Басқа ешқандай шараға пайдаланбайды. Осыны көріп, «мынаны біз де істейік», деп айтты. Сіздер бізге келіп, көрсетіңіздерші, деді.

Марал шаруашылығына соңғы жылдары облыстық бюджеттен субсидия бөлініп келеді. Бірақ, биылдан бастап бұл қаржыны тек маралдың тұқымын асылдандырамын деушілер ғана алады.

Дүйсенбай Селиханов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Бұрын біз субсидияға бөлінген ақшаны барлық марал басына бөле салатынбыз. Биыл қарап отырмыз, ол 3 жыл субсидия алғаннан қандай нәтиже болды. Кімнің нәтижесі жақсы, соған көбірек береміз, кімде нәтиже жоқ, мүмкін мүлдем бермейміз.

Марал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік деңгейде назар аудару керек. Бүгінде көптеген ел Корея сияқты бүкіл ұлттың саулығын пантымен жақсартуға күш салып жатыр. Құлдырап кеткен шаруашылықтардың тірлігі жанданса, біздің ұлттың денсаулығы артып, мыңдаған адамға жұмыс табылар еді.

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу