Ақмола облысында мерекелік кештерді өткізуге тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында мерекелік кештерді өткізуге тыйым салынды

29.12.2020

Батыс Қазақстан облысындағы ірі өндіріс ошақтарында коронавирус жұқтырғандар көбейді. Өңірде індет өршіп тұрса да карантин талаптарын бұзу деректері тыйылмай отыр. Ал, Ақтөбеде тәртіпке бағынбаған 13 нысан жабылуы мүмкін.  

Батыс Қазақстан облысындағы «Қарашығанақ Петролиум» және «Жайық Мұнай» мұнай компаниясында 137 жұмысшы індет жұқтырған. Сондықтан, өңірлік штабтың келесі отырысына кәсіпорындардың басшылары келіп есеп беруі тиіс. Ал, облыс бойынша соңғы бір айдың өзінде вирусқа шалдыққандардың саны мыңға жуықтады. Соған қарамастан карантин талаптары сақталмауда. Мәселен демалыс күндері 6 көңіл көтеру орнында ұжымдық шаралар ұйымдастырылған. Мұндай кештерге қатысқан мемлекеттік қызметшілер енді жұмыстан қуылуы мүмкін.

Ақтөбедегі кәсіпкерлік нысандарға бүгінге дейін 170 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. 19 рет жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 18 кәсіпкер 5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Өңірде жаңа жылдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.

Ақмола облысында да ертеңнен бастап ұжымдық жаңа жылдық кештер мен балаларға арналған мерекелік іс-шараларды өткізуге болмайды. Сондай-ақ, қалааралық автобус қозғалысы да тоқтайды. Кейбір нысандардың демалыс күндері жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Дегенмен өңірде коронавирус инфекциясының таралуы төмендеді. Облыс «сары» аймаққа өтті.

Қостанай облысында да тығылып той жасағандар тыйылар емес. Өңірдегі мониторингтік топ соңғы аптада төрт мейрамхана мен бір моншаның белгіленген уақыттан тыс қонақтарды қабылдағанын анықтады. Енді бірінде адам саны белгіленген шамадан екі есе көп болған. Тәртіп бұзғандар қомақты айыппұл төлейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу