42 500 теңгеге қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

42 500 теңгеге қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар

21.07.2020
42 500 теңгеге қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар

Мүгедектер 42 500 теңге төлемін ала ма?

Егер ол жалдамалы жұмысшы болса (жұмыс беруші өтініш береді), өзін-өзі жұмыспен қамтыған болса, карантин кезінде табысын толықтай жоғалтқан жағдайда біржолғы әлеуметтік төлемге ие бола алады.

Декреттегі аналарға 42 500 теңге беріле ме?

Мемлекеттен немесе сақтандыру қорынан бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны алып жүрген декреттегі әйелдерге 42500 теңге берілмейді. Ал бала 1 жастан асқан болса, жұмысқа шығып, карантинге байланысты ақысыз демалысқа жіберілсе, сондай-ақ оның жеке кәсіпкерлігі болып, тұрақты түрде БЖТ төлеп, жұмысы тоқтап қалса, 42 500 теңге ала алады. 

Студенттер 42 500 теңгеге өтініш бере ала ма?

Егер ол жалданып жұмыс істесе, оның жұмыс берушісі өтінім береді. Бейресми жұмыс істеп, БЖТ төлеген студенттер төлемді ала алмайды.

Жұмыссыз азаматтардың 42 500 теңге алуға құқығы бар ма?

Олар жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемге өтініш бере алады. Қазақстанда жұмыстан босатылған қызметкерлерге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жәрдемақы беріледі. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Зейнетақы мен АӘК алушылар 42 500 теңге төлемін алуға құқылы ма?

Зейнетақы және жәрдемақы алушылар жалдамалы жұмыскерлер (жұмыс беруші өтініш береді), жеке кәсіпкерлер, соның ішінде БЖТ-ны тұрақты төлеушілер болса, оның ішінде шектеулерге байланысты кірістерінен айырылса, біржолғы төлем алуға құқылы.

42 500 теңге жәрдемақы алуға өтінішті қайда беруге болады?

Egov.kz және enbek.kz порталы арқылы, Telegram-боттар арқылы, Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш беруге болады.

42 500 теңге төлеміне өтінімдер қай уақытқа дейін қабылданады?

1 қыркүйекке дейін.

Егер карантин ұзартылса, тамызда 42 500 теңге беріле ме?

42 500 теңге мөлшеріндегі біржолғы төлем осы жылдың шілде айына ғана төленеді.

Егер жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін 42 500 теңге төлем алуға өтініш беруден бас тартса, не істеу керек?

Жұмыс беруші жоғарыда көрсетілген төлемді тағайындау қағидаларының талаптарын сақтамаған жағдайда, қызметкер жергілікті еңбек инспекциясы органына жүгінуге құқылы.

Карантинге байланысты жалақысы қысқартылған қызметкерлер 42 500 теңгеге өтініш бере ала ма?

Егер кірістен толық айырылу жағдайы болмаса, төлем тағайындалмайды.

1414 нөмірінен 42 500 теңгені тағайындау туралы SMS алғандар оған не деп жауап беруі керек?

Егер 42 500 теңге көлемінде біржолғы төлем алуға келіссе, жауап ретінде «1» нөмірін, бас тартса, «2» санын енгізу керек.

Сырқаттанып, еңбекке жарамсыздық парағын ашқандар 42 500 теңге ала ала ма?

Ауырып қалып, уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіндегі азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындалмайды. ҚР Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, жұмыс беруші уақытша еңбекке жарамсыз жұмысшыларына өз қаражаты есебінен әлеуметтік жәрдемақы төлеуге тиіс.

Хабарламаларға жазылу